Зағип жан түс көре ме?

Зағип жан түс көре ме?
Фото: kotsobaka.com

Зағип жанның түс көретінін не көрмейтінін нақты білу қиын. Бірақ көзі көрмейтін жандардың өзінің айтуы мен ғалымдардың зерттеуіне сүйеніп бір-екі дерек келтіруге болады. Зағип жандар түс көреді, бірақ ол былайғы адамдарға қарағанда бөлектеу, дүниені тануы мен сезінуі өзгешелеу.

Ғалымдардың айтуынша, көзінен айырылған жандардың қатардағы адамға бергісіз қабілеттері дамып, дүниені басқаша сезінеді.

1999 жылы ғалымдар зағип жандардың түс көретін не көрмейтінін білу үшін арнайы зерттеу жүргізіп, 15 зағип жанның күйін 2 ай бойы бақылаған. Бақылау барысында зағип жандардың шынымен де түс көретіні белгілі болды. Олар да қоршаған ортаны елестетіп түс көреді. Алайда былайғы адамдарға қарағанда өзгешелеу, күйзеліс пен қиындықты көрмейді.

Зағип жандардың түс көру деңгейі мен оның қоршаған ортамен байланысы, бейнесі негізінен көз көру деңгейіне тікелей байланысты. Мәселен туабітті соқыр адамдар түс көре алмайды, тек сезінуге ұқсас күйді бастан кешеді. Ал кейін келе көзінен айырылғандар түс көре алады. Бірақ түсі шектеулі. Өйткені қоршаған ортаның бейнесі бұл кезде елестете алмайтын күйге тап болады.

Бала кезінде, яғни, 5 жасқа дейін көзі көріп, кейін көруден айырылған жандар түсінде бейне, сурет көре алмайды. Ал бұл жастан кейін, яғни, ес білер шағында зағип болғандар бұрын көрген бейнелер мен суреттерді түсінде көріп сезінеді. Алайда мұны түс көру емес, еске алу, жадты ояту десек дұрысырақ болмақ.

Ал 2014 жылы жүргізілген зерттеуде зағип жандардың дәм мен иіс, дыбыс пен түйсіну арқылы түс көретіні анықталған. Көзі көретіндерге мұндайды сезіну қиын. Бірақ бір сәт өзіңізді тыныш ұстап, көз жұмып, концентрацияны жинап, елестетіп көруге болады.

Тағы бір зерттеуде зағип жандардың қорқынышты түс көп көретіні айтылған. Мамандардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар өмірде көп стресс пен күйзеліске тап болатындықтан, ол түске айналуы мүмкін деседі.

Қ. Слямбек