Катаплексия деген не?

Катаплексия деген не?
Фото: www.kelownanow.com

Катаплексия құбылысы жан-жануарда көп кездеседі. Қатты шошынған не үріккенде, талып қалатын не қозғала алмай қалатын жануарлар бар. Мұндай жануарларға жыртқыштарға тез жем болады. Кейде содан болса керек, катаплексиясы ұстаған жануарды өмірде көру қиынырақ.

Катаплексияға адам да шалдығуы мүмкін. Бірақ жануарларға қарағанда оның белгілері шамалы бөлек. Нарколепсияға шалдыққандардың 70%-ында катаплексияның белгілері бар. Нарколепсия дегеніміз – ұйқы паталогиясы, нервологиялық күй. Яғни, кез келген жерде, кез келген орында ұйықтап қалу. Бұған шалдыққан адам ұйқысына мүлдем есеп бере алмайды. Сөйлеп тұрып та, іс істеп жатып та ұйықтап кетуі мүмкін.

Катаплексия бұдан бөлектеу. Катаплексия кезінде адамның бұлшық еті босап кетеді де, талықсып құлайды. Бірақ есін біледі. Мұндай күйге қатты ашуланған не шаттанған кезде тап болуы мүмкін. Кейде қатты күлкі қысқан кезде де, өксіп жылағысы келсе де талып құлайды.

Мұндай неврологиялық хал-күй адамда жасөспірім шағында дерт болып жабысуы мүмкін. Өйткені адам бұл кезеңде эмоцияға берілгеш, сезіміне басу айта алмайтын әлсіз болады. Мектепте нашар баға алып қаламын деген қорқыныш, достарының арасында назарға ілікпей қаламын деген үрей, ұнатқан қызы не жігітінен жасқану сынды жағымды не жағымсыз жайттардың бәрі осыған әкелуі мүмкін.

Ғылымда катаплексияға әкелетін негізгі үш себеп аталады. Біріншісі –  мидағы гипокретин атты нейропептидтің (ақуыздың) жетіспеуі. Бұл ақуыз ұйқы циклі мен ояу жүруге жауап береді.

Екіншісі – мидың ұйқыға жауап берер тұсында ісік болуы ғажап емес. Ол да катаплексияға әкелуі мүмкін.

Үшінші себеп – аутоиммунды ауру. Иммунды жүйе ми жасушасына шабуыл жасап, ақыр соңы катаплексияға душар етуі мүмкін.

Өкінішке қарай, ғылымда катаплексия мен нарколепсияны емдеу жолы әлі табылған жоқ. Тек дәрі-дәрмекпен талманың алдын алуға болады. Дәрігерлер мұндай дертке шалдыққандарға медитация жасап, қобалжу мен қорқыныштан қашық жүруге шақырады.

Қ. Слямбек