Динамиттің атасы – Нобель

Динамиттің атасы – Нобель
Фото: bilim-all.kz

Грек тілінде динамит сөзі "күш" дегенді білдіреді. Бұл нитроглицерин, калий немесе натрий нитратының және ағаш ұнтағынан тұратын жарылғыш заттар, көлеміне байланысты көлікті, үйді бұзып, тасты жарып жібере алады. Динамитті швед инженер-химигі Альфред Нобель ойлап тапқан, 1867 жылы патенттеп, туннелдерді тесу үшін пайдалануды ұсынған.

Бұл өнертабыс Нобельдің атын бүкіл әлемге мәшһүр етіп, оған аса ірі табыс алып келді. 1895 жылы өсиетхат жазып, онда капиталының басым бөлігін химия, физика, медицина, әдебиет және  бейбітшілікті нығайтудағы ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткендерді марапаттайтын сыйлыққа аударды.

1842 жылы Санкт-Петербургте Ресейдегі бу машиналарын өндіретін фирманың иесі швед Эммануэл Нобелге Стокгольмнан 9 жасар кіші ұлы келді. Әкесі ұлын жекеменшік мектепке орналастырды. Альфред жақсы оқып, химия мен физикаға қызығушылық танытты және бос уақытының бәрін әкесінің фирмасында өткізді. 17 жасқа толғанында, Германияға оқуға аттанды. Әкесі кіші ұлының неміс жоғары оқу орындарында химия және физика негіздерімен танысқанын қалады. Германиядан кейін Альфред Парижде тағылымдамадан өтті, сосын АҚШ-қа барды. Америкада шведтік танымал өнертапқыш Джон Эриксонның зауытында еңбек етіп, бу машиналары мен кемелердің өндірісімен танысты.

Санкт-Петербургке Нобель 1853 жылы қайтып оралды және сол жылдары Ресей Қырым соғысын (1853-1856) жүргізіп жатқандықтан, оқ-дәрі өндірісімен айналысып жатқан әкесінің фирмасында жұмыс істей бастады. Соғыстан кейін әскери өнімдерге деген сұраныс азайып, соғысқа дейін жасаған кеме бөлшектеріне тапсырыс азайғандықтан, Альфред ата-анасымен отаны Стокгольмге оралды. Ол бос уақытының бәрін әкесінің оған жасап берген шағын зертханасында өткізді. Онда ол химиялық заттармен тәжірибе жүргізді. Оны жарылыстар қызықтырды. Ол нитроглицеринді өз ырқына көндіргісі келіп, сол үшін арнайы детонатор әзірледі.

Көптеген эксперименттердің нәтижесінде сынаппен толтырылған кішкентай металл капсуласында детонатор дайындады. Нитроглицерин мен түрлі органикалық заттардың қоспасынан Нобель жарылғыш зат жасап, оны динамит деп атады. Жаңалық жасалды. Нобель оны 1867 жылы патенттеп, бірден швед теміржолдарының басқармасына туннель төсеу үшін жарылғыш заттарды қолдануды ұсынды. Елдің табиғи жағдайларын ескере отырып, таулы жерлер үшін өте өзекті болды.

Динамит өзінің тамаша тесіп өтетін қасиеттерін бірден көрсетті. Бағытталған жарылыстар – Монбланның (Батыс Еуропаның ең биік тауы, 4808 метр) жанындағы Альпіде ұзындығы 11,6 шақырым болатын автомобиль туннелін төсеуге, Дунай арнасын тазартуға, Грекиядағы Коринфтік арнаны салуға, Нью-Йорктегі Ист-Ривер бұғазындағы су асты жартастарын жоюға мүмкіндік берді.

Динамиттің көмегімен Баку мұнай кен орындарының бұрғылау жұмыстарын жүзеге асырылды. Онда Нобелдің екі үлкен ағасы жұмыс істеп, бұдан тапқан ақшаларына оларды "орыс Рокфеллері" деп атады.

Еуропада және мұхиттың арғы бетінде динамит өндіретін кәсіпорындар ашылып жатты. Нобельдің өзі осыған ұқсас 20 мануфактураға иелік етті. Динамит тек инженерлік құрылыстарда ғана емес, сондай-ақ әскери іс-қимылдарда да белсенді қолданыла бастады. Нобель бұның бәрінен айтарлықтай дәулет жинады.

1873 жылы Нобель Парижге кетіп, онда ол шағын химиялық зертханасында өз компанияларын басқарды. 1880 жылдың соңында, ол жаңа, түтінсіз ұнтақты әрі аса қуатты жарылғыш затты патенттеп, оны "баллистит" деп атады. Ол өз патентін Италия үкіметіне сатып, соның себебінен бірден француз үкіметімен арада қақтығыс болады. Оны алаяқтық бойынша айыптап, зертханасына тінту жасайды. Осы әрекеттерге ашынған Альфред, 1891 жылы Францияны тастап, итальядағы Ривьере Сан Ремоға қоныс аударды.

Нобель ешқашан үйленбеді, адамдардан саяқ тұрды, күнделікті өмірде қарапайым өмір сүрді, француз, неміс, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйледі, бүкіл әлемдік данқ оған масыл болғандықтан, тыныштықта өмір сүруге талпынды. Ол өзінің вилласындағы апельсин бағының арасында, жаңа химиялық зертхана құрды. Көп ұзамай оны жүрек ауыруы қинай бастады, ол жалпы шаршағандық сезініп, онда жүрек қыспасы дамыды. Нобель миға қан құйылуынан қайтыс болды.

1888 жылы бір француз газетінің тілшісі Нобельдің қайтыс болғаны жайлы жалған хабарлама жариялады. Оны "қан миллионері", "өлім саудагері", "динамитті патша" деп атады. Бұл бизнесменге қатты әсер етіп, ол адамзаттың есінде "әлемдік залым" ретінде қалғысы келмеді. 1895 жылы 27 қарашада Париждегі швед-норвегиялық клубта Нобель өсиетхатқа қол қойып, соған сәйкес оның байлығының басым бөлігі ғылым, әдебиет, бейбітшілікті нығайту ісіндегі жетістіктері үшін берілетін, халықаралық сыйлыққа аударылды.

bilim-all.kz

Қ. Слямбек