Лала бибі жайлы не білеміз?

Лала бибі жайлы не білеміз?
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Ертеректе ғұмыр кешкен әулие аналардың бірі – Лала бибі. Лала бибінің шын аты Гүлбибі делінеді.

Көз жұмғанда қабірінің басына гүл шыққан деседі. Ертеректе өзбектер гүлді көріп, "лала" деген екен. Аңыз-әңгімелерде Лала бибі Қожа Ахмет Ясауимен замандас, өмірден қатар өткен көрінеді. Ясауи бабамыздай әулиелік дәрежесі болған.

Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойына келгенде бірінші рет Лала бибіге сәлем беріп, содан кейін басқа әулиелерге барады екен. Ясауи өзінің арғы бабасы Қорасан атаға үнемі зиярат етіп тұрған. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Ясауи ораза, құрбан айт намаздарын Қорасан атаның басында өтейді екен. Сонда ол Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм екетінің тұсындағы Сырдариядан тас өткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонып, Қорасан атаға зияратқа барғанда Бабаға жалбарынып:

Бабам Қорасан, келдім арасан,

Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.

Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,

Рақмет ете гөр, бабам Қорасан.

Атың – дүр мәшһүр Аршы самада,

Тәуап етейін деп келдім пияда.

Үміт етіп мен хауф-рижада,

Рақмет ете гөр, бабам Қорасан.

Аршының үстінде Сұхбат құрарсың,

Әзірет Қызыр ила ұлпат қыларсың.

Рақмет ете гөр, бабам Қорасан.

Әлінің әулеті Шери Құдасың,

Келген бәлеге дәпі қыларсың.

Маңа, Қожа Ахметке жары берарсың,

Рақмет ете гөр, бабам Қорасан. –

деп жалбарынып жәрдем сұрайды екен.

Бірде ол тағы Қорасан атаға өзінің қырық серігімен зияратқа бара жатып, жолдан Лала бибіге соқпақ болады. Қасындағы кісілер Лала бибігінің күркесіне сыймаймыз, неге Қорасан атаға кете бермейміз дегісі келеді.

Олар бұл ойын ашық айтпағанымен, Қожа Ахмет бабамыз оны кереметпен біледі. Лала бибінің үйіне келеді. Сонда тар лашыққа кісілер біртіндеп кірген кезде Құдайдың құдіретімен лашық кеңейіп, бәрі де сыйып кетеді. Бибі қонақтарды құрметтеп, тамаққа тойдырып шығарып салады. Ясауидің серіктері бәрі тар жерге сыйып кеткеніне, бибінің тез арада мол дастархан жайғанына таңғалады.

Сөйтсе, Бибі қонақтар үшін тағамды пейіштен алдырған екен. Осылайша әлгі кісілер ештеңе айта алмай қалған деседі.

Лала бибі өте ақылды, елін ақылымен билеген, көріпкел ана болған. Болжампаз ақылдығымен елін үнемі сыртқы жаудан қорғаған. Халық ана қабірі басына зиярат етіп, қысылғандар медет тілеп барып тұрады. Лала бибі мазары Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылының дария жақ бетінде.

"Бозор аруы" кітабынан

Қ. Слямбек