Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Ақын 1931 жылы 9 ақпанда қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданында, Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Азан шақырып қойған аты – Мұхаметқали.  "Құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен" дейді Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның туған күні жайлы.  

Ақынның биылғы мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту жоспарға қойылды.

"Бүгін – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Мұқағали поэзиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен орын тапты.

Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той", - деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Ақынның туған күніне орай М.Мақатаевтың шығармашылығы мен ақындық өнері жайлы айтқан пікірлерді жинастырдық. Ендеше "қара өлеңнің иесі" – Мұқағали ақын жайлы айтылған, жазылған пікірлерге зер салайық.

М.Мақатаев – адамдар арасындағы өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның туған ауылына, Алатау табиғатына, сүйген жарына, аяулы әжесіне, балаларына, достарына, сағынышты махаббатына – баршасына арналған өлеңдері де шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған жырлар.

Ә.Кекілбаев, жазушы

Мұқағали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы. Әр шумақ, әр өлеңнен шындық пен ақиқат жеңісі үшін тауға да, тасқа да жар салған ақын жүрегінің жанталас үні естіледі.

Ф.Оңғарсынова, ақын

Мұқағалида поэзия отын көсейтін "көсеуі" мықты. Ол киліккен әрбір сөз өлең болып маздай жөнеледі. Ондай қол жетпейтін табиғи қасиетті жоғалту не басқа категориямен ауыстыру кешірілмес күнә болар еді. Ақын осыны тереңнен ұққан. Өлеңін ол да үкіледі. Құлагердей баптады. Бірақ өзі айтқандай, "муза мен сені жөндеуге келгенім жоқ" деп, оған қызмет етті. Осының өзінде ақынның ғажайып болмысы тұр".

Б.Кәрібаева, әдебиеттанушы ғалым

Жасындай отты жырларымен келген М.Мақатаев өз жүрегінен туындаған өлең сөз өнеріне қазақ халқының ұлттық болмысын арқау ете білді. Бұл жайт ақынның азаматтық болмысын танытады. Өлең болып өрілген ақынның азаматтық үні елінің мақсат-мүддесімен ұштасып жатты.

Б.Бегманова, зерттеуші

Өзі тұстас ақындар ішінен оқшау бөлініп М.Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық шыққан ақынның бірі – М.Мақатаев. Оның сыры тақырыптық қарапайымдылығы және ұйқас жағынан көбінесе етене таныс түрге бой ұрып, сонымен жазатындығында. Елге түсінікті тілмен жырлайтындығы оның артықшылығы болса керек.

С.Елікбаев, әдебиеттанушы ғалым

Мұқағалиды жалпы қазақ, жалпы жұртына табыстырған мың сан себептің бірі және бірегейі – оның поэзиясындағы уыздай тұнған ұлттық саз дер едік. Қазақ оқырманы өз бойында бар деп ойламаған, жаратылысындағы көп жақсылықтарды Мұқағали жырларынан танығандай, қайта тапқандай. Бұл қасиет үлкен таланттардың көбіне тән десек те, ұлттық мінездің ең жақсы қырларын, ұлттық ұғымдағы ұлағат-өнегенің қасиеттісін, қадірлісін тауып, талғап жырлаған Мұқағали творчествосының орны бөлектей көрінеді.

Т.Шапатаев, зерттеуші ғалым

М.Мақатаев туған халқының өмір тарихын, фольклорын, әнін, күйін, дүниежүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұштастыра жырлады. "Армысыңдар, достардан" бастап "Дантенің Құдіретті комедиясына" дейін ол қаншама өсуден, өрістен өтті.

Ө.Күмісбаев, ақын

Ақынның есімі аңызға айналса, одан өткен бақыт бар ма. Қазақта Абай теңдесі жоқ ақын, ал туған халқының жүрегіне ұялаған ақындар саусақпен санарлық. Соның бірі – Мұқағали.

А.Кемелбаева, жазушы

Мұқағали – үлкен философ ақын. Мұқағали философиясын түсіну үшін Абай философиясын бойымызға сіңіре білуіміз керек. Мұқағалидың философиялық ой бастауы Абайдан арна тартады.

Т.Ахметжан, әдебиеттанушы

Мұқағали – лирик. Ол барлық мүмкіндігін осы жанрға сарықты. Бұл жанрдың бөлінбес бөлшегі – табиғат ақын сезімінде өзіндік бояу түсімен тіріледі. Бұл – талап құдыреті. Шын мәнінде табиғатты тірілту, онымен тұтасу ірі суреткерлер қол созған үрдіс.

Б.Кәрібаева, әдебиеттанушы ғалым

Мұқағалидың өзек жарып айтар ойы – адам тағдыры, адамның тірлігі, мінезі мен құлқы, сезімі мен түйсігі. Ақынның өзі айтпақшы, оның лирикалық «мені» жалпы халық, қауым, заман, қоғам. Қай тақырыпқа барса да, не туралы жырласа да бәрі бір астарында адамның ғұмыры адамның тағдыры, дәуірдің ықпалы жатады.

Т.Тоқбергенов, жазушы

М.Мақатаев өлеңдерінен өмірге соншама қимас көзбен қарайтын үлкен жүректің лүпілін сеземіз. Адамдарға деген ақ ниеттілік, адамға деген ғашық жүрек лүпілін сезгендей болдық. Бізді тірлікке бір табан жақындастырып, ананы сүюге, өмірді сүюге, оны ардақтауға шақырады.

С.Дәуітов, әдебиеттанушы ғалым

Қара өлең және Мұқағали Мақатаев. М. Мақатаев оны алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан іздейді, кездескен адамдардан, желбіреген жалаулардан іздейді. Оны теңізге аққан бұлақтардан, лапылдап жанған шырақтардан да іздейді, көктемгі гүлдердің бүршігінен, кеудедегі жүректердің М.Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық дүрсілінен де іздейді. Яғни ақын үшін ұсақ – түйек, маңызсыз нәрсе жоқ. Жанын не нәрсе терең тербесе, бәрі – парасатты поэзия арнасы.

Б.Сарбалаев, ғалым

М.Мақатаев поэзиясындағы адамгершілік, адалдық, әділдік сияқты адам бойындағы асыл қасиеттер ақын жырларында кең тақырыпқа айналған. Ақын лирикалық кейіпкер арқылы қызғаныш пен сүйініш, пәктік М.Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық пен асқақтық, безбүйректік пен бауырмалдық, зиянқорлық секілді жұмыр басты пендеге тән іс-әрекет иелерінің бейнесін көрсетеді

Б.Бегманова, зерттеуші

Мұқағали өзі қалай жазды, не турасында жазды, солай өмір сүргені де белгілі. Басқаша айтқанда, Мұқағали поэзиясының басты кейіпкері – ақынның өз басы, тұла бойы.

С.Ақатаев, зерттеуші

Қ. Слямбек