Жәнібек Кәрменов жайлы естелік

Жәнібек Кәрменов жайлы естелік
Фото: Egemen.kz

Жұмыр жердің жүзіне ғасырда бір келетін сирек әншілер болады. Сондай ән пірзадасының бірі Жәнібек Кәрменовті мен 1987 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының Ұлт аспаптары факультетіне оқуға түскен жылы көрдім.

Тап сол уақыттың өзінде ол абыздай еді. Жарықтықтың, "Мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда..." деп бастайтын есті әңгімелерінен ескінің самалы есіп тұратын. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада, дәстүрге кен өлкеде, шарапаты мол шежіре шалдардың шапанының етегінде өскен біздер үшін оның осы болмысы тым қымбат болатын.

Ойлап отырсам, қайран ұстаз, өмірден тым ерте кеткен екен-ау. Қырық үшінде қиылған тағдыры талайдың қабырғасын мұздай қарыды, оқыс өлімінің өкініші өзектерді өртеді. Казақ ән өнерінің арғы-бергі тарихын түгендеп, батпан жүгін көтеріп, бабалар аманатын арқалаған Жәнібекті елі-жұрты риясыз қадір тұтатын, ерекше болмыс-бітіміне таңырқайтын. Амал нешік, Жаратушының қалауы солай болған соң, пенденің басқа салған наласына көнгеннен өзге амалы жоқ екен ғой.

Иә, адамның татар дәм-тұзы қапелімде сарқылып, өмірі осылай шорт күрмеледі деп ет пен сүйектен жаралған пенде сірә, ойлаған ба? Жәнібегі жоқ ұлт өнері бүгінде бағыты бейтарап, бағдары бұлыңғыр-бұралаң көштің соңынан тек ілбіп ілесіп келе жатыр.

"Ұстаз атаңнан да ұлық" деген сөз бар. Мүмкін пешенеге жазылған несібеміз шығар, тағдырдың қалауымен Жәнібектей бітімі бөлек қаламгер әншіден тәлім алдық. Соның арқасында өнер ұштап, үлкен ғылымға қадам басып, қазақ руханиятының арғы-бергі тарихына ортақ ой қалыптастырдық.

Бұл ұлттық өнерге деген көзқарас сұйыла бастаған кезең болатын. Алматыда Желтоқсан көтерілісі болғаны, оған қатысқан талай жазықсыз қыз-жігіттердің қаны төгіліп, кейін олардың аяусыз жазаланғаны туралы суық хабарды біз ауылда жүріп естідік. Қанды уақиғадан соң тура бір жылдан кейін консерваториядан дәстүрлі өнерді дәріптейтін бөлім ашылып, Қазақстанның бірнеше аймағынан келген санаулы студенттердің қатарында оқуға қабылдандық. Консерваторияның сол кездегі ректоры Ғазиза Жұбанова қызметінен алынып, орнына Дүйсен Қасейінов келіпті. Жаңа басшының ұлт өнерін өліарадан құтқаруға кіріскен кезі екен.

Бұйра шашына саусақ батпайтын, ауылдан келген бота тірсек бозбаламын. Курстасым – қазіргі белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Бекболат Тілеухан. Бекем сал да саяси көзқарасы үшін оқудан шығарылған жастардың қатарында екен. Сонымен не керек, Алматыдағы студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы басталды да кетті.

Студенттер жатақханасының дулы өмірі. Рабайда бір болмаса былайғы жұрт ұлтжанды жастардың көтерілісі жайында ауыз аша бермейді. Соған қарағанда, керзі етік пен күрзі шоқпар жүректерінің отын алып тастаған сияқты ма, қалай? Тек мұзға жанған алаудың ізі ғана сақталған.

Солай десек те, жастар жағының жігері қайтпаған. Әйтеуір бір себебін тауып жиі бас қосып тұрамыз, телеэкранға шығып, ұлт өнері жайында пікір айтамыз. Жоғары оқу орындарында тұрақты түрде ұйымдастырылатын кездесулерде ақберен жырдың тиегі ағытылады. Одан әрі әңгіме ауаны әз бабалар аңсаған азаттық жайындағы аңсарға ауады. Осындай күндердің бірінде жаңадан ашылған Халық әні кафедрасының меңгерушісі болып Жәнібек Кәрменов тағайындалды. Сырт көзге тым қаталдау, талапшыл, әр сөзіне қарауыл қойып, ойының өзегін ескі мақаммен қайырып, мақалдап сөйлеп отыратын кірпияздау, ұжданы биік кісі екен.

 

Көп ұзамай консерваторияда үлкен жиын өтті. Содан Мәскеу көрген теоретик ғалымдар мен ұлттық өнердің белортасынан шыққан Жәкеңнің арасында біраз мәселе төңірегінде пікірталас басталды да кетті. Екі жақ мәмілеге келе алмай, ақыры келіспей тарқасты. Жәкеңнің қабағы қатулы, кафедраға қарай бастап келеді, ізінде шұбырған бір топ шәкірттері – біз келеміз. Дәліз бойында қарсы алдынан шыға келген факультет деканының:

"Жәнібекжан-ау, мұндай мәселелерді конференцияда, дүйім жұрттың көзінше қозғамай-ақ, оңашалап өзімізге айтсаң да болатын еді ғой" деген сөзіне "Бұл сізге оңашалап айтатын ойнастың әңгімесі емес" деп пышақсыз іреп өте шықты. Қазақы сөздің ыңғайынан қысылып қалған қыздар жағы ұялып, жерге қарады, біз болсақ, Жәкең сияқты кесіп айтатын ерге қарадық. Сол күннен бастап консерватория табалдырығында ұлт өнерінің болашағы үшін күрес оты тұтанғанын біз қайдан білейік. Әлгі жалынның алауы ақыры бізді де шарпып, әр қадамымызды шыңдай бастады.

Көп ұзамай, Жәкең мені өзінің класына ауыстырып алды. Мамандық пәнінен дәріс беретін мұғалімім де жоқ әрі бесіктен беліміз шықпай жатып мәйекті сөздің рухында өскен маған Жәнібек ағаның айтқан әр әңгімесі, астарлы әзілі, уытты қағытпасы, өзекті пікірі, шалқыған білімі майдай жағып барады. Зердесі кемел психолог емес пе, осы күйімді өзі де аңғарса керек:

"Сен менің әрбір айтқанымды қалт жібермей тыңда да отыра бер, өзің сияқты құймақұлақ шәкірт маған артықтық етпейді", – дейтін.

Содан соң, "Шіркін-ай, біздің Берікке Біржан салдың "Он екі взводын" айтқызар ма еді!" – деп жымиятын. Сосын қалақ домбырасын сұңқылдатып, терезеден қиырға көз тастап, ұзақ отырып толғанатын. Әбден құлақ күйі мен көңіл күйті келген соң ғана сөзге көшетін.

Уақыт озған сайын ол айтудан, мен тыңдаудан жалықпайтын болып алдым. Ақыры, қазақ әнінің әр өңірге тән түрлерін іштей ыңылдап, қайталап отыратын жағдайға жеттім. Арада аз уақыт өткенде, Жәкең айтып ұғындырған әндердің әуені мен мәтінін жадыма жаза бастадым. Қазір ойлап отырсам, жарықтық, табиғатым мен бейіміме қарай бізді қазақ өнерінің жоғын жоқтап, тарихын түгендеп, теориясын жасақтауға дайындаған екен ғой. Тап сол кезде мен ұлық ұстаздың түпкі ойының өзегінде не жатқанын білдім деуден аулақпын. Алайда асыл ағаның ерінбей, жалықпай көргені мен түйгенін, тәжірибе арқылы меңгергенін алдыма жайып салып, көкірегіндегі асыл ойынан сусындатып отыратын кездерінде түпкі ниетін сезгендей болатынмын. Асылы, ілкі дәстүрде ұстаз шәкіртті емес, керісінше, шәкірт ұстазды өзі таңдайтын болса керек. Далалықтардың ешкімге ұқсамайтын тұмса табиғаты осы.

 Суретте Жәнібек Кәрменов, Ақселеу Сейдімбек, Ұлықбек Есдәулет

Несін айтасыз, Жәнібек ән салатын, Ақселеу тамсанатын қазақ өнерінің алапасы асып тұрған салтанатты кез еді бұл. Көздің ағы мен қарасындай, бірін екіншісі толықтырып отыратын осы екі өрелі жан қазақ руханиятына өмірлерінің өтіп бара жатқанын сезетіндей еселі еңбек етті. Әсіресе бұл тұрғыда Жәнібек ағаның орны тым ерекше еді. Әттең, қашан да қолын мезгілінен кеш сермейтін осы қазақы әдетіміз-ай. Өнерде алдына жан салмайтын жарықтық, мамандық пәнін жүргізіп отыратын кездерінде «Үш жүзге тарта ән біледі екенмін» дейтін өзіне-өзі тамсанғандай болып.

Әнге деген ерекше құрмет пен махаббаттың, талғампаздық пен талапшылдықтың да кейде өнерпазға бір қабырғалап тигізетін зияны болады екен. Көкіректе жүріп, әбден жетілсін, ой өзегінде жатып, біраз толықсын, ақыл мен парасатқа суарыла түссін деп радио мен теледидар қорына жаздырмай, үкілеп сақтап жүрген сонша мұраның көзді ашып-жұмғанша өзімен бірге келмеске кетерін, сөйтіп кейінгі толқынды орны толмас өкініште қалдырарын кім білген?! Қаламгердің жазу столында қолжазба күйінде қалған, басталып, еңсерілсе де күрмелмеген, соңғы нүктесі қойылмаған көркем шығармалары жөнінде де осындай ойға иілдік. Иә, өзі үнемі қайталап отыруды ұнататын қамшының сабындай қысқа ғұмыр дегеніңіз міне, осы.

Жалпы, Жәнібек Кәрменов – өзіне дейінгі далалық әншілік дәстүрді мүлтіксіз меңгерген мүлдем жаңа қалыптағы өнерпаз. Ол әнші қауымы арасынан шыққан алғашқы қаламгер, әнді ақылмен көмкеріп, ойға орап, сезім сырына бояп, ескі өрнекті өзгеше түрлеп айтудың канондық үлгісін қалыптастырған орындаушы. Осы айтылғандардың түп тасасындағы байырғы шешендік өнерден еншілеген, екінің біріне бұйыра бермейтін сөзгерлік қасиеті оны өзіне дейінгі һәм кейінгі барша әнші қауымнан ерекшелеп тұратынын айтуымыз керек. Бұған оның журналистік, ақындық, композиторлық және ғалымдық қырларын қосыңыз. Міне, біз білетін Жәкең осындай жайсаң болатын.

Жаратушы шебер бір адамның басына сонша қасиетті үйіп-төгіп бере салатынын Кәрменовтің бойына тоғысқан өнер түрлерінен көреміз. Әннің тарихын, әншілер арқылы жеткен аңыз-әпсанасын, тұмса табиғатын, оның өнбойына бүккен тылсым сырды әншіден артық сезіну мүмкін емес шығар. Ал әнші қаламгер әрі ғылыми түйсігі жоғары парасат иесі болса, онда қандай әннің болсын, бағы жанды дей беріңіз. Талай әнге мәңгі ғұмыр сыйлап, жолын ашқан, сол арқылы өзіндік қолтаңбасын айқындап, ән әлеміндегі орындаушылық тұғырын бекітіп кеткен Жәкең шын мәнінде қайталанбас ғажайып өнерпаз болатын. Өкініштісі сол, оның орындаушылық өнері әлі күнге ұлттық музыкатану ғылымының зерттеу нысанына айналмай отыр.

Жәнібектің орындауында әр кезде таспаға жазылып қалған әндердің бірнеше нұсқасы салыстырылып, ондағы өмір белестеріне, әншінің көңіл-күйіне, жас ерекшелігіне, түрлі мезгілдік жағдаяттарға, мәтінге және ән әуеніне деген көзқарасына байланысты орын алып отыратын саналы әрі бейсаналы өзгертулер мен азын-аулақ ауытқулар ғылыми пайым арқылы сауатты шешімін тапқанша, Кәрменовтың өзіне дейінгі дала әншілерінен нені меңгергені және қазіргі сахнагерлер қандай мәнді тетіктерді айналып өтіп кеткені жайындағы түйткілдің белгісін айыру мүмкін емес. Оның қайталанбас қазақы дауыс бояуы, күміске сірке қондырғандай, ерекше иірімі және соның бәріне кереғар, дауысындағы темірге шеге қаққандай саңқылдаған өткір қуаты қатар зерделеніп, орындаушылық құпиясы тарқатылғанша бұл тақырыпқа толық түрен түсті деп айта алмаймыз.

Қазақ ғылымы, оның ішінде ұлттық музыкатану мен фольклористика саласы күйзелісті жағдайларды басынан өткізіп отырған бүгінгідей кезеңде Жәнібек сияқты құбылыстың шығармашылығын зерделеу оңайға соқпайды. Өйткені, оның соңында қалған мұраға бірнеше ғылым саласынан келіп, кешенді көзқарас танытпайынша ақиқат ауылын маңайлай алмаймыз. Біз дайындаған төрт томдық шығармалар жинағының негізінде болашақта ғылыми, одан соң академиялық толық басылым түзіп, әнші-қаламгердің шығармаларына сауатты мәтінтанымдық талдау жұмысын жүргізу керек.

Онсыз қаламгер әншінің соңында қалған мол әдеби-музыкалық мұраның бас-аяғы толық зерделенді деуге болмайды. Мысалы, автор "Қоңыр құлжа" мақаласын алғаш рет "Балдырған" журналында "Қайдос Олжайұлы" деген бүркеншік атпен жарияласа, "Махаббат әні" кітабында "Жалын" журналына шыққан "Ешкім білмейтін күй" деген әңгімесінің мазмұнын кеңейтіп берген.

Сондай-ақ "Ақылбайдың әні" кітабына енген "Әке көңілі" әңгімесі "Махаббат әні" кітабына "Соңғы сарын" деген атпен, ал "Қорлан", "Боздақ", "Көшім бала", "Ақылбайдың әні" әңгімелері "Ғашықтың тілі" кітабына сол атауларымен көшіріліп басылған. Аталмыш нұсқаларда елеулі өзгерістер кездеседі. "Ақылбайдың әні" кітабында жарық көрген "Соғыстан соңғы ән" повесі "Махаббат әні" кітабында "Күнгей мен көлеңке" деген атпен мазмұны кеңейтіліп, қайта басылған. Әрине, бұл кез келген автордың шығармашылық зертханасында болатын заңдылық. Ал ғылымның мақсаты – соның ара-жігін ажыратып, автордың шығармаға, әншінің орындаған әндерінің мәтіні мен әуеніне деген көзқарасының өзгеру себебін ашу. Мұндай тәсілді болашақта Жәнібек Кәрменовтың әншілігі мен жазушылығына қатысты қатар қолдану қажет.

Берік Жүсіпов,

фольклортанушы,

"Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры

Қ. Слямбек