Тайлақ палуан қадаған зілтас

Тайлақ палуан қадаған зілтас
Фото: pixabay.com

"Қазақстан барысы" V республикалық турнирінің қарсаңында "Зіл көтерген алыптар" деген айдармен кезінде  ауыр көтерген алыптардың қысқаша өмірдеректері интернетте жарияланған еді.

Соның ішінде Көкжарлы Көкжал Барақтың шөбересі Тайлақ палуан туралы мынандай деректер жазылыпты: "Мұндай ауыр тасты көтеру бұрын-соңды қазақ тарихында болған емес. Жау түсіріп, ту алған бұрынғы жаугершілік заманда бұл жағдай таңсық болмаса да, бүгінгі күні өте таңқаларлық нәрсе. Сенсациялық хабар деп айтуға тұрарлық. Барақтың қазақ əйелінен туатын Бостанның ұлы Тайлақ палуан көтеріп əкеліп орнатты дейтін маматас Күршім өзенінің оң жағалауында "Қызылтас" деген Барақтың ескі жұртында жетпісінші жылдарға дейін тұрды. Аққұрыш тастан ойып алынған меңгір Енисей  алқабының көне балбалдарына ұқсас, салмағы үш тоннадан артық еді, кейіннен тракторының күшін сынаған біреу құлатыпты дегенді естиміз".

Бұл дерек белгілі оқымысты Сәбетқазы Ақатайдың "Найман хандығы" атты кітабынан алынды.

Танаш Қайырбаевтың этнографиялық дерегіне қарағанда, Барақтың дулығасының ішкі шеңбері 13 сүйем екен. Бұл Барақтың алып денелі адам болғандығын аңғартады. Осы батыр бабадан туған немеренің алып болмасқа, 3 тонналық тасты көтермеске қақы жоқтай. Көкжал Барақ өмірін зерттеуші қарт журналист Советхан Қалиғожин Тайлақ баба көтерген ауыр тас қазіргі кезде Теректібұлақ ауылының жоғарғы жағындағы "Қызылтас" деген жерде әлі жатқанын айтты. Өкініштісі, бұған дейін шығарған кітаптарында сол тасты түсіріп, жарияламапты.

Мақалада ат сабылтып келген азаматқа мен, Советхан Қалиғожин, Тайлақ көтерген тастың "мерт" болғанын айтыппын. Сол тастың басы-қасында жүріп, мұндай ағаттыққа баруым мүмкін емес. Адам үнемі бір қалыпта жүрмейді ғой, бәлкім ол кісі сондай бір ыңғайсыз сәтте кездескен  шығар, есімде жоқ. Егер солай деген болсам айыпқа бұйырма інім, енді жақсы хабар айтайын. Тайлақ бабамыз қадаған тас дін аман сол орнында тұр. Өткен 2018 жылы шілденің 18-де, сәрсенбі сәтті күні арнайы барып суретке түсіріп алдым.

Рас, бүгінгі күнге дейін Тайлақ палуан туралы қалам тартқам жоқ. Оның да себебі бар. Әуелі шама-шарқымызға қарай Тайлақтың атасы, менің бабам Көкжал Барақтың рухын жаңғырту міндеті тұрды алдымызда. Осы орайда Барақтың батыр баласы Достан тараған ұрпағы Танаш Қайырбаев екеуіміз тізе қосып, бірталай шаруа тындырдық. Жиған-тергендеріміз мерзімді басылымдарда жариялана бастады. Тайлақ палуан жайында жиған-тергенімізді жарыққа шығармай, кешеуілдетіп жүргенімізге осы себеп болды.

 Тайлақ балуанның суретін салған - Мәулен Смағұлұлы

Тайлақ палуан жайында жазба деректер жоқ. Архивтерді көп ақтарған Сәбетқазы Ақатай да осыны айтқан еді. Біздің айтпағымыз кәріқұлақ, көнекөз қариялардан естігендеріміз, сайып келгенде ауызша тарих деректері.

Тайлақ Бостанның баласы емес, немересі. Көкжал Барақтың Қойбике деген бәйбішесінен Бостан, Дос, Кәдір деген үш ұл туады. Бостаннан  Жырық, Аюсары, Темірбек, Ескелді,  Бөгенбай, Қабанбай, Шегір өмірге келеді. Достың балалары - Көкі, Жолдықұрт, Балағаз, Бектас, Жантас, Майлы; Кәдірден - Түкті, Құдайқұл, Кұртқатай туады.

Бостанның Жырықтан кейінгі баласы Аюсарының төрт ұлы болады. Тайлақ соның ең кенжесі. Әдетте Барақтың балаларының осалы жоқ. Дос әкесімен бірге бастан-аяқ жоңғарларға қарсы соғысқа қатысады. Ал Бостан мен Кәдір соғысқа тікелей қатыспаса да, әкелерінің шешімімен  кейінгі елді дұшпандардан қорғаушы болады. Бұлардың балаларынан тараған ұрпақтарының ішінде батыр да, балуан да бар. Әсіресе, Достың балаларынан тараған кейінгі ұрпақтарының бүгін де бітімдері кесек, мығым денелі, шеттерінен қарулы.

Ал Тайлақ болса, тікелей Барақ атасына тартқан алып күш иесі. Барақ Қалба өңірінде жоңғарлармен үлкен шайқастың бірінде дұшпанның  Дию-қара атанған палуанымен сынға түсіп, зіл тасты таудың төбесіне жеткізіп, соғыстың тағдыры қазақтардың пайдасына шешіледі. Бұл оқиға "Көкжарлы Көкжал Барақ" атты дастанда былай дәріптеледі:

Зіл қара тас жонарқаға жайғасты,

Нағыз алып алған беттен қайтпасты.

Аман-есен Барақ жетті көмбеге,

Артқа тастап Дию-қара майбасты.

Дию-қара орта жолда сүрінді,

Бүйтіп сенің "дию" болған түріңді...

Шегінуден басқа амалды көре алмай,

Қалмақтардың іргелері түрілді.

Қағаз жүзінде 106 жасында дүние салған, ал шын жасы 110-ға келген Көкжал Барақты тәрбиелеп өсірген Шонаның ұрпағы Иіс ақсақал 5 жасында Тайлақ палуанды көріпті. Мен сол кісіден Барақ және оның ұрпақтары туралы көп деректер жазып алған едім. Соның ішінде Тайлақ палуан да бар. Сол сияқты Барақтың ұрпағы Өтейдің абыз ақсақалы Мұхаметқалым Шаяхметовтен  кезінде Бостанның ұрпағы Мамыр болыстың  атқосшысы болған, ұзақ жасаған шежіреші Қали ақсақалдан, әйгілі домбырашы, шежіреші Құсайынұлы Шайқы ақсақалдан, Барақтың Басар атты ұрпағынан тараған қари молдамен пара-пар сауатты, сұңғыла ақсақал Тота Рахметұлынан алған деректердің өзі бір төбе.

Тайлақтың шешесі Қарауылжасық Сандыбай деген байдың ерке өскен жалғыз қызы  екен. Есімі Ақтолқын. Керемет қарулы болған. Қаршадайынан палуан ағасына ілесіп асау үйретіп, ат құлағында ойнаған. Жауынгердің бес қаруымен сайыстың да  әдіс-тәсілдерін әжептәуір меңгерген. Аюсары (Төлеш) да балуан болған. Бірде малға шапқан ақ төс сары аюды сойылмен бір соғып, сеспей қатырған. Содан Аюсары атанып кетіпті. Қарауылжасықта болған бір үлкен тойда балуандықпен көзге түсіп, Ақтолқынмен танысады. Көп ұзамай Бостан Сандыбаймен  құдаласып, қалыңын беріп, баласын үйлендіреді.

Ақтолқын Тайлаққа жүкті боп жүргенде аюдың етіне жерік болады. Бұл тілегі орындалып мерзімі жеткенде толғағы ұстап, үш күн қиналады. О, ғажап, үшінші күні өрісте жүрген түйелердің ішінен бір ақ тайлақ ауылға қарай тайраңдай жөнеледі. Боздаған қалпы алты қанат ақ үйді үш айналып, Ақтолқын жатқан тұсқа бүйірін төсеп жата қалады. Сол-ақ екен бала аман-есен өмірге келеді. Бала өте кесек екен, қарапайым бесікке сыймай, арнайы бесік жасалады. Атын Тайлақ қояды. Сөйтіп әу бастан түйенің Тайлағы мен адамның Тайлақ есімді баласының  достығы қалыптасады. Мұның өзі жеке әңгіме. 

Тайлақ ертегілердегі  алыптардай  ер жетеді. Сол кезде Күршім өңірін мекендеген  Көкжарлы, Саржомарт, Бура, Ақнайман руларында оған пар келетін пенде болмаған. Мұның бұлтартпас айғағы Барақтың ескі қонысы Қызылтастың батысында бір шақырымдай жерде Күршім өзенінің оң жағалауында қадаулы тұрған зіл тас. Бұл тасты қадаған Тайлақ палуан. Әлдекімдер бұл тасты руы таз Ақпалуан қадаған дейді екен. Бұл бекер, Таз руынан шыққан ондай алып адамның  болғаны рас болса, ақын Бәделғожа Барақ туралы емес, алдымен өз бабасы туралы дастан жазатын еді ғой.

Тайлақтың өмір жолы туралы әңгіме желісі тым ұзақ. Сәтін салса, ол өз кезегімен жалғасын табатын шығар. Әзірше Тайлақ қадаған тасқа байланысты оқиға туралы сөзге кезек бергенді жөн көрдік.

Ойдағы елден, қырдағы елден, ат аяғы жетер жерден әйгілі адамдарды шақырып, ұрпақтары Бостан бабаларына ас береді. Ас барысында бәйге, палуандар күресі, ақындар айтысы, аударыспақ, көкпар тарту, қыз қуу т.б. өнерден сайыс болады. Күрестен Тайлақтың нағашы жұртынан келген  Ақпалуан қарсы келгеннің бәрін жығып, бас жүлдені алады. Бәйгеден Барақтың қалмақтан алған Топжал деген әйелінен туған Саршадан тарағын Қыстықтың қос күреңі іркес-тіркес келеді. Қыз қуудан Ақтолқын талай жігіттердің жон терісін сыпырады. Астың соңғы күні күтпеген оқиға болады. Асты басқарушы адам: "Тайлақ палуан мына бұлақтың (Күршімнің айрығы) сол жағалауына Бостан атасына естелік тарту ретінде анау төбешіктің етегінде тілімделіп жатқан тастардың бірін әкеліп қадайды, назар аударыңыздар" дейді.

Тайлақ аталмыш жерден бір үлкен оңаша тасты бір шетінен көтеріп арқасына жайғастырып, қазіргі тұрған жерінен 80  метрдей қашықтықтан әкеліп, оңтайлап алады да, қапсыра құшақтап, тік көтеріп бұлақтың  жағасындағы саздау жерге қадайды. Жерге қанша бөлігі кіргенін кім білсін, биіктігі 2 метрден астам қадалған  зілтас қаз-қалпында сол орнында әлі тұр.

Советхан Қалиғожин,

Шығыс Қазақстан облысы 

Қ. Слямбек