Кедейліктен қайтыс болған 3 суретші немесе мойындалмаған таланттар

Кедейліктен қайтыс болған 3 суретші немесе мойындалмаған таланттар

Поль Гоген, Амедео Модильяни және Ван Гог ХІХ-ХХ ғасырдағы сурет өнерінің ірі өкілдері. Назарыңызға аталмыш өнер иелерінің қиындыққа толы өмір жолынан деректер ұсынамыз.

1. Эжен Анри Поль Гоген (1848-1903 жж)

Пол Гоген – француз суретшісі, постимпрессионизмнің ең ірі өкілінің бірі. 1870 жылы әуесқой ретінде сурет сала бастаған. Шығармашылығының алғашқы кезеңі импрессионизммен байланысты. 1880 жылдан бастап импрессионисттердің көрмелеріне қатысты. 1883 жылы кәсіби суретші ретінде өз картиналарын сала бастады. Гогеннің шығармаларына көзі тірі кезінде сұраныс болған жоқ. Басқа суретшілер оны "нашар суретші" деп есептеген.  Гоген картиналары арқылы адам мен табиғаттың бірлігін және тәуелділігін, әлемнің сұлулығы мен жарықтығын жеткізуге тырысты. Оның "Қашан үйленеміз?" картинасы қымбатқа сатылған туындылардың бірі. 2015 жылы аталған картина Катардың мұражай бөліміне рекордтық баға – 300 миллион долларға сатылған.

Гогеннің "Қашан үйленеміз?" картинасы

Суретші болғанға дейін Пол Гоген теңізші, брокер және басқа да түрлі кәсіптердің басын шалып көрген. Бала кезінде (7 жасқа дейін) анасымен бірге Перуде тұрды, сондықтан оның картиналарында экзотикалық табиғат жиі кездеседі.

Ол Парижде жүргенде 22 жасында сурет сала бастайды, бірақ қалалық өмір оған шабыт бермейді де, 1891 жылы Таитиге кетеді. 1891-93 жылдар аралығында 80-ге жуық картина салды. Бұл жылдар Гогеннің шығармашылық шыңы еді. 1883 жылы Парижге қайтып оралады. Бірқатар сәтсіздіктерден және сыншылардан көңілі қалып Таитиге қайта кетеді.

Ал сыншылар (әдеттегідей) оны мазақ етіп, жұмысын "табиғатқа қиянат жасау" деп атайды. Олар "не үшін суретші Панамаға одан Мартиникаға немесе Таитиге саяхаттауы керек. Шабыт сапарда емес, суретшінің жүрегінде. Талантты суретші нағыз натураны Парижден де таба алады" деп әжуалайды.

25 жасында үйленген жұбайының өзі оның сурет салуына қарсы болған. 5 баласын, жұбайын тастап Таитиге оралған Гоген, Таитилік қызға үйленіп, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрақтап қалады.

Өмірінің соңында ол бар күшімен жұмыс істеп, мұхит халықтардың шынайы өмірі мен күнделікті тұрмысын жергілікті мифтермен өзара байланыстырып картина салады.

1903 жылы 54 жасында алапес ауруына қоса депрессия мен кедейлік оның суицид жасауына себеп болды.

Даңқ суретшіге қайтыс болғаннан кейін, 1906 жылы Парижде 227 туындысы қойылған кезде келді.

Сомерсет Моемның "Ай мен қарабақыр" романының прототибі – Пол Гоген.

Гогеннің құрметіне Меркурийдегі кратер – "Пол Гоген" деп аталады.

2. Амедео Клементе Модильяни (1884-1920 жж)

Амедео Клементе Модильяни – италиялық суретші, мүсінші, ХХ ғасырдың басындағы ең танымал суретшілердің бірі, экспрессионизм өкілі.

Модильяни Италияда өсіп, ежелгі өнер мен Ренессанс шеберлерінің жұмыстарын зерттеді. 1906 жылы Парижге келді. Парижде ол Пабло Пикассо және Константин Брынкуши сияқты суретшілермен кездесті, олардың жұмысы жас суретшінің шығармашылығана үлкен әсер етті.

Модильянидің денсаулығы жастайынан нашар болды. 35 жасында жасында туберкулез менингитінен қайтыс болды.

"Жанна Эбютерн", 1918. Амедео Модильяни

Модильянидің мұрасы негізінен картиналар мен эскиздерден тұрады, бірақ 1909-1914 жылдары ол мүсіндер де жасаған. Көбіне Модильяни Ренессанс өкілдерінің шығармаларына, Африка өнеріне қызықты. Модильянидің еңбегін сол кездің трендтеріне, мысалы кубизмге жатқызуға болмайды. Осыған байланысты өнер тарихшылары Модильянидің жұмысын ХХ ғасырдағы негізгі ағымдардан бөлек қарастырады.

Модильяни көзі тірісінде картиналарын сатып пайда таппаған өнер иесі. Суретші қайтыс болғаннан кейін ғана оның туындылары жоғары бағалана бастады.

2010 жылы Sotheby's аукционында Модильянидің екі картинасы 60,6 және 68,9 миллион долларға сатылды. 2015 жылы "Жалаңаш" картинасы "Кристи" аукционында 170,4 миллион долларға бағаланды. 2018 жылдың мамырында суретшінің "Жалаңаш әйел" картинасы Нью-Йорктегі Sotheby's аукционына 150 миллион доллардан басталатын рекордтық сатылымға қойылды.

3. Винсент Ван Гог (1853-1890 жж)

Винсент Виллем Ван Гог – нидерланд суретшісі, импрессионизмнен кейінгі кезеңнің ең көрнекті өкілдерінің бірі.

Ван Гог небәрі он жыл белсенді түрде осы өнермен айналысса да, өзіне жоғары талап қоя білетін және үлкен еңбекқорлықпен екі мыңнан астам өнер туындысын, оның ішінде 930 картина, 1100 сурет және эскиздерді дүниеге әкелген. Осы көптеген еңбектерінің ішінен Ван Гогтың тек бір ғана картинасы – "Арльдің алқызыл жүзімі" автордың көзі тірісінде сатылған. Белгілі коллекционер Анна Бош бұл картинаны 1890 жылы "Брюссель Арт Экспо" көрмесінде төрт жүз франкке сатып алды, бұл қазіргі бағамен шамамен 1900 доллар.

Ван Гогтың "Доктор Гашенің портреті" картинасы

Қазір Ван Гогтың суреттері бүкіл дүниежүзінде аукциондарда миллиондаған долларға сатылады. Мысалы, "Доктор Гашенің портретін" 1990 жылы 15 мамырда танымал филантроп, Нью-Йорк банкирі Зигфрид Крамарски Риойю Саито деген жапон кәсіпкеріне 82,5 миллион долларға сатқан.

1890 жылы Ван Гог 37 жасында өзін-өзі атып өлтірді.

Т. Раушанұлы