Ресей ақ Олимпиаданы шығарып салды

Ресей ақ Олимпиаданы шығарып салды

Төрткүл дүние төрт жыл күткен Сочи Олимпиадасы да мәресіне жетті. Жаңа ғана бүкіл әлем көз тігіп, спортшыларына үмітпен қараған ХХІІ қысқы Олимпиаданың жабылу салтанаты аяқталды. Соңғы салтанатты кеште ашылу салтанатындағыдай қателіктер байқалған жоқ.

Жабылу салтанатының ғажайып қойылымынан кейін Ресей елінің жеңімпаз спортшылары өз елінің Туын Олимп шыңына тікті. Соңынан Ресей Әнұраны 1000-ға жуық балалардың хорында орындалды. Соңынан әр елдің Туын ұстаған спортшылары шықса, соңынан барлық ел өкілдері жүріп өтті.

Қысқы Олимпиада ойындарындағы дәстүрге айналған шаңғымен жүруде 30 шақырым, ерлер арасындағы 50 шақырымға созылған еркін бағдарламадағы масс-старт сынындағы спортшылар марапатталды. Алғашқысында норвег қыздарының (Марит Бьорген, Тереза Йохауг, Кристин Стермер Стейра) бағы жанған болатын. Соңғысы бүгін мәресіне жетіп, Ресей шаңғышылары (Александр Легков, Максим Вылегжанин, Илья Чернаусов) жеңіске жеткен-ді. Екі ел спортшыларының мойнына алтын медальды Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Томас Бах тақты. Екі ел Әнұрандары орындалды.

Ашылу салтанатында Люба қыздың жүруімен Ресей елінің тарихы таныстырылса, жабылу салтанатында мәдениеті мен әдебиеті, өнері тереңнен қамтылды. Мерекелік қойылымнан кейін Олимпиада Отаны саналатын грек елінің Әнұраны шырқалды. Соңынан Олимпиада Туы 2018 жылы қысқы ойындар өтетін Пхенчхан қаласына (Оңтүстік Корея) салтанатты түрде табысталды. Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Томас Бах ХХІІ қысқы ойындардың сәтті өткенін хабарлап, өз алғысын жеткізді. 

Жабылу салтанатының соңында кеш талисмандары Аю, Барыс және Қоян "Фишт" стадионының орталық алаңына шығып, жанкүйерлермен қоштасты. Ақ Олимпиада алауын Аю сөндірді. Мерекелік кеш отшашуға ұласты. Осылайша Ресей қомақты қаржы жұмсаған Сочи ХХІІ қысқы Олимпиадасы тарихтың қойнауына кетті.


Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

О. Сансызбай