Сочи-2014. Липницкаяны ұзақ уақыт допинг-тексерісте ұстаған

Сочи-2014. Липницкаяны ұзақ уақыт допинг-тексерісте ұстаған

15 жасында алтыннан алқа таққан, Сочи Олимпиадасының ең жас чемпионы Юлия Липницкаяны допинг-тексеруде түнгі сағат екіге дейін ұстаған. Sovsport хабарлауынша, Ресей өкілдерінің шағымы еш нәтижесіз болған.

Юлия Липницкая тексеріс барысында бірнеше литр су ішуге мәжбүр болған. Бұған Ресей өкілдері шағым келтіріп көргенмен, еш нәтиже шықпаған екен.

Липницкая жаттықтырушысы Этери Тутберидземен бірге Мәскеуге аттаныпты. Спортшы онда 19 ақпан күні басталатын мәнерлеп сырғанаудың жекелей түріне дайындық жасайды.

Айта отырсақ, Липницкая бірнеше жыл бұрын шешесімен бірге Екатеринбургтан Мәскеуге келіпті. Тұрмыс жағдайлары жұпыны болған көрінеді. Көп сыннан іркілмей өтіп, ақыры, міне, Олимпиада ойындарының чемпионы атанып отыр екен.

Қаңтарда Будапеште Липницкая Еуропаның чемпиондық дәрежесіне қол жеткізген болатын. Еуропа чемпионатында Ресей мәнерлеп сырғанаудың жекелей түрінен 8 жыл бойына алтын ала алмай келіпті. 

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: sovsport.ru

Л. Лига