Сочи-2014: отандық спортшыларымыз жарыстың төртінші күнінде...

Сочи-2014: отандық спортшыларымыз жарыстың төртінші күнінде...

Cочи Олимпиадасының төртінші күнінде тоғыз спортшымыз өнер көрсетеді. Бүгінгі күннің басты спорттық шараларына тоқтала отырсақ...

Олимпиаданың үш күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынына әлі бірде-бір медаль түскен жоқ. Фристайлшы Юлия Галышева (жетінші орын) мен Дмитрий Рейхерд (бесінші болды) жүлделі орынға бір табан жақын тұрған еді. 

Командалық есепте Канада құрамасы алда келеді (3 "алтын", 3 "күміс", 1 "қола"), ізімен Нидерланды (3-2-2) құрамасы қуып жетуге тырысса, үздік үштікті Норвегия қорытындылап тұр (2-1-4). 

Шаңғы жарысында әйелдер мен ерлер арасында қысқа қашықтыққа жарыс жолы басталады. Ерлер арасынан тәжірибелі ел спортшысы Николай Чеботько өнер көрсетеді, жас шаңғышылар Денис Волотка мен Роман Рагозиндер аталған спортшыға жарыс жолында көмек қылмақ.  Әйелдер арасында Елена Коломина мен Татьяна Осипова жарыс жолына шықпақ. Әйелдер арасында іріктеу кезеңі Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады, ерлер арасында - 16:25. Тікелей эфирде KazSport пен "Хабар" телеарнасынан тамашалай аласыздар. 

Биатлонда 10 шақырымға әйелдер арасында ізге түсу жарысында Елена Хрусталева (Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері) өнер көрсетеді. Аталған спорт түрінен Дарья Усанова да қатыспақ. Тікелей көрсетілім KazSport арнасынан Астана уақытымен сағат 20:50-те көрсетіледі. 

Конькимен жүгіруде "Арена Адлер"  мұз айдынына отандасымыз Екатерина Айдова шығады. Арқа өңірінің қызы 500 метр қашықтықта сынға түспек. Бірінші жарыс жолы Астана уақытымен сағат 18:45-те басталады, екіншісі - 20:35. KazSport арнасы мұрағаттан көрсетеді (бірінші жарыс жолын 21:50-де, екіншісін -  01:05)

Қазақстан атынан қатысып отырған 18 жастағы Елизавета Аксенова шана спортындағы өз жарыс жолын аяқтайды. 10 ақпан күні бұл спортшымыз екі рет жарыс жолына шығып, екі мүмкіндіктен кейін жалпы есепте 29-орында тұр. Бүгін шанашылардың соңғы жарыс күні - спортшылар тағы да екі рет жарыс жолына шығып, бақтарын сынап көреді.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: taringa.net 

Л. Лига