Сочи Олимпиадасы салтанатты түрде ашылды

Сочи Олимпиадасы салтанатты түрде ашылды

Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Мәскеу уақытымен сағат 20:14-те басталды. Бұл "2014 жыл" деген мағынаға келіп саяды. Басты кейіпкер Любовь қыздың әліпбидегі әріптерді тізе айтып, Ресей елінің тарихындағы ерекше жаңалықтар мен тарихқа ықпал еткен тұлғаларының есімі айтылып өтті. Қысқа метражды қойылымнан кейін Олимпиада логотипі нұрын шашты.

«Фишт» алаңына Ресей федерациясының президенті Владимир Путин шақырылғаннан кейін, аталған елдің Әнұраны шырқалды. Әнұраннан кейін ақ Олимпиада алауының эстафетасы дүниенің төрт бұрышын аралаған сәтінен көрініс ұсынылды.

Алғаш болып «Фишт» стадионының орталығына Олимпиада Отаны саналатын грек елінің өкілдері шықты. Одан кейінгі елдер әліпби тәртібі бойынша алаңға беттеді.


Италия делегациясынан кейін алаңға Қазақстан құрамасы беттеді. Көк Туымызды көтеріп шаңғышы Ердос Ахмадиев шықты. Спортшыларымызды қолдауға барған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Дариға Назарбаева жерлестерімізге сәттілік тілеп, қолын бұлғады. Осыған дейін хабарлағанымыздай, Үнді елінің спортшылары ғана өз Туының астында емес, Олимпиада байрағы астында алаңға шықты. Сонымен қатар жапон спортшылары алаң иелеріне құрмет ретінде қолдарына өз елі мен Ресей жалаушаларын ұстап алаңнан жүріп өтті. Соңғы болып алаң иелері «Фишт» стадионына көтерілді. 


Спортшылардың жанкүйерлер алдында жүріп өту салтанаты аяқталғаннан кейін, Олимпиаданың басты талисмандары таныстырылды. Одан кейін Ресей елінің өткенінен бүгініне дейінгі тарихы баяндалған қысқа метражды фильм мен қойылымдар ұсынылды. 


Ашылу салтанатының қойылымдық кезеңі аяқталғаннан кейін Сочи Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің президенті Дмитрий Чернышенко сөз алып, спортшыларды құттықтады. Соңынан Халықаралық Олимпиада Комитетінің төрағасы Томас Бах сөз алып, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Ал Ресей президенті Владимир Путин Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын ашық деп жариялады. 


Олимпиада ашық деп жарияланғаннан кейін, байрақты бәсекенің Туы мен Әнұраны шырқалды. Оны Анна Нетрепко орындады. 


Олимпиаданың соңғы сәтіне дейін Сочи алауын тұтатын спортшының есімі белгісіз болып келген-ді. Соңғы сәтте ХХІІ Олимпиаданың алауын Ресейдің қысқы спорт түріндегі майталмандары Ирина Роднина мен Владислав Третьяк тұтатты. 


Сонымен төрткүл дүние төрт жыл күткен Сочи қысқы Олимпиада ойындарының алауы да жағылды. Енді ертең осынау байрақты бәсекеге жолдама алған спортшылардың сайысы да бастау алады. Спортшыларға сәттілік тілейміз!


Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:vk.com, twitter.com

Ө. Сансызбай