Олимпиаданың ең жас жеңімпаздары

Олимпиаданың ең жас жеңімпаздары

Бүгін Сочи Олимпиадасының салтанатты түрде алауы жағылады. Төрт жыл күттірген дода дүбірі дүниені дүбірлетпек. ХХІІ қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшыларымыз да Ресей жеріне аттанып кетті. Олардың қатарында жасы ең кішісі фристайлшы Павел Калмаков екен. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға қысқы және жазғы Олимпиада ойындарында топ жарған ең жас спортшыларды ұсынамыз.

Сара Хьюз


Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Сара Хьюз 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Ол небәрі 16 жаста болатын. Тіпті оның есімі жарыс фавориттерінің қатарында да емес еді. Бұл көпшілік күтпеген жаңалық болды. Ол оған дейін Әлем чемпионаты түгіл, АҚШ біріншілігінде де топ жарып, жеңімпаз атанбаған екен. Күтпеген жерден Олимпиада алтыны бұйырған... Қысқа бағдарлама бойынша өткен алғашқы сайыста Сара төртінші орынға тұрақтаған. Ал екінші ұзақ бағдарламада көпшілікті таңдандырып, сол кездегі мәнерлеп сырғанаудың майталмандарын жолда қалдырған. Алайда спортшы 2003 жылы Йель университетіне оқуға түсіп, үлкен спортты өмірлік серігіне айналдырмапты.

Надя Команечи


Румындық "гимнастика шебері" атанған Надя Команечи Олимпиада чемпионы атағын бес рет жеңіп алған. Ол алғаш рет бұл биік тұғырға 14 жасында көтерілген екен. Сонымен қатар, Румыниядағы ең көп белестерді бағындырған спортшылардың қатарына жатады. 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадада спортшы 3 алтын, 1 күміс және 1 қола еншілеп, рекорд орнатқан. Араға төрт жыл салып, Мәскеуде байрағын көтерген додада 2 алтын, 2 күміс еншілеген.

Джордин Вибер


Америкалық спортшы көркем гимнастикаға 2 жасынан бастап қатыса бастаған. Спортшының ата-анасы баласының бұлшықеттерінің өзге балалардан ерекше болғанын байқап, гимнастика спортына қатыстырыпты. Араға үш жыл салып, бимен шұғылдануға ден қойыпты. 11 жасында Джордин Вибер АҚШ Олимпиада құрамасының мүшесі атанған. 14 жасында АҚШ чемпионы атағын бағындырса, 16 жасында Әлем чемпионы атанған. Ал Лондондағы жеңіс тұғырына көтерілгенде 17 жаста ғана болған екен.

Татьяна Гуцу


Алты жасынан бастап көркем гимнастикамен шұғылданған Татьяна Гуцу 1992 жылы Барселонада өткен жазғы Олимпиадада 2 алтын 1 күміс және 1 қола еншілеп қайтқан. 12 жасында Кеңес Одағы құрамасының мүшесі атанған украиналық қыз Испания жерінде өткен додада небәрі 15 жаста болған екен.

Донна де Варона


Қазіргі таңда Донна Элизабет де Варона спорт комментаторы ретінде танымал. Ол 17 жасында АҚШ телеарналарындағы ең жас алғашқы комментатор болып қызметке тұрыпты. Ал ол оған дейін спорттың бірнеше белесін бағындырып тастаған екен. 13 жасында жүзу спорты түрінен АҚШ құрамасы мүшесі атанса, 1960-1964 жылдары өткен Олимпиадаларда әлемдік рекордтар орнатқан.

Марджори Гестринг


Олимпиада ойындары тарихында топ жарған ең жас спортшылардың бірі – америкалық спортшы Марджори  Гестринг. Ол трамплиннен суға секіру спорты бойынша 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиадада чемпион атанған. Спортшы сол кезде небәрі 13 жаста ғана екен. Чемпиондық атақ – Марджоридың алғашқы және соңғы жүлдесі де болыпты. Болашағынан үлкен үміт күттірген спортшы қыздың бағын Екінші дүниежүзілік соғыс байлаған. Араға 12 жыл салып қайта түлеген Олимпиада ойындарына қатысуға спортшы қыздың шеберлігі жетісе қоймапты.

Димитриос Лундрас


Олимпиада ойындарына қатысқан және жүлдегерлер қатарынан көрінген ең жас спортшы – грек Димитриос Лундрас саналады. Ол 1896 жылы Афиныда өткен алғашқы Олимпиадаға командалық санаттағы брусья сайысына қатысып, қола жүлдеге қол жеткізген. Дәл сол сәтте грек спортшысы 11 жасқа да толмаған екен. Кейіннен Димитриос өмірін спортқа арнамай, теңіз әскерлерін дайындайтын мектепті бітіріп, «адмирал» атағына дейін иеленген. Сонымен қатар, 1912-1913 жылғы Балқан соғысы мен Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысыпты.

Тони Ниеминен


Қысқы Олимпиада ойындарындағы ең жас топ жарған спортшы – фин Тони Ниеминен екен. Ол 1992 жылы Альбервилде өткен ақ Олимпиадада 16 жаста болыпты. Және 2 алтын мен 1 қоланы қанжығасына байлап қайтқан.  Оған дейін бірнеше биік жеңіс тұғырларын бағындырған спортшы «жұлдыз ауруына» шалдығыпты. Трамплиннен секіру спорты бойынша бақ сынайтын спортшы Олимпиададан кейін бірнеше дүбірлі дода ғана топ жарыпты. 2004 жылы спорттық мансабын аяқтап, комментатор болуды шешіпті.

Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ елі де өз Туының астында 5 жазғы, 5 қысқы Олимпиадаға қатысты. Ел құрамасы қатарынан да Олимпиада ойындарында жас та болса топ жарған спортшылар жоқ емес. Солардың бірі – Бекзат Саттарханов. 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиадада алтыннан алқа таққан былғары қолғап шеберіміз жасындай жарқ етті де өте шықты. Әлі талай Олимпиадада еліміздің Әнұранын биікте шырқатарына сенген жұрттың үмітінің ғұмыры қысқа болды.

2004 жылы Олимпиада Отаны саналатын Афинада өткен аламанда топ жарып, «Баркер Кубогын» қоса иеленген Бақтияр Артаев 21 жаста болатын. Ал 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадада Илья Илин 20 жасында чемпион атанған екен. Толағай спортшымыздың әзірге бағындырған жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Алда алар асуы тағы да бар деген сенімдеміз. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 53 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, чемпион атанған Зульфия Чиншанлоның жасы небәрі 19-да болған екен. 

Қазақстанның қысқы Олимпиададағы көрсеткіші

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, diletant.ru, rbc.ru

Ө. Сансызбай