Сочи – 2014. Apple vs Samsung

Сочи – 2014.  Apple vs Samsung

Әне-міне дегенше Сочи қысқы Олимпиада ойындары да келіп жетті. Төрткүл дүние тынысын тарта күткен доданың бүгін-ертең тартысты сәттері де басталады. Ал сол тартысты сәттермен қатар, әлемдегі алпауыт компаниялардың да тартысы қыза түспек.

Оңтүстік Кореяның «Samsung» компаниясы ХХІІ қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында спортшылардың «Apple» логотипі бар электронды технология, және жарнамалау жолындағы әрекеттерді жүзеге асырмауын қалап отыр. Бастысы алып компаниялар арасындағы бәсеке болғандықтан, өз өнімдерін спортшылардың жанынан көргісі келетіндіктерін жасырмады. Ол үшін сый да дайындапты. Егер спортшы ақ Олимпиаданың ғажайып ашылу салтанатының көрінісін аталған оңтүстік кореялық компанияның өнімі (ұялы телефон, бейнекамера) арқылы бейнежазбаға түсіріп өтетін болса, оларға «Galaxy Note 3» пен арнайы құттықтауын жолдауға уәде беріп отыр екен. Ал бір айта кететіні, Сочи Олимпиадасының ресми демеушісі де  - осы «Samsung» компаниясы.

Расында да, әрбір спортшы маңдайына бұйыра бермейтін ашылу салтанатындағы ғажап сәтті естелікке түсіріп алатыны айтпаса да белгілі. Кей елдердің бір топ спортшысы «Apple» өнімін пайдаланатындықтарын жеткізіп, өзгелерге де егер аталған компания дүниесін пайдаланатын болса, соның логотипін әйгілеуді ұсынып отырған да көрінеді. Не дегенмен бәсекелестік!

Естеріңізге сала кетсек, Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты ертең Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» және «Хабар» арналарынан тамашалай аласыздар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:iphones.ru

Ө. Сансызбай