Олимпиада ашылуларындағы оқыс оқиғалар

Олимпиада ашылуларындағы оқыс оқиғалар

Енді 2 күннен кейін Сочи ХХІІ қысқы Олимпиадасы да салтанатты түрде ашылады. Көпшілік асыға күткен алауы жағылып, дүбірлі доданың дүбірі дүниені дүбірлетпек. Ал ашылу салтанатының өзі үлкен мәнге ие. Біріншіден, ақ Олимпиада бастамасы болса, екіншіден дайындығымен қатар, өткені мен бүгінінен сыр шертетін тамаша қойылымдық дүниелерді ұсынып, әлемдегі өз елінің атақ-абыройын асқақтата түседі.

Төрт жылда бір өтетін жазғы немесе қысқы Олимпиада болсын, ашылу салтанаттарының да бәсекелесіп келе жатқаны мәлім. Ол үшін қыруар қаржы да құйылуда. Дегенмен, әр Олимпиада ашылу салтанатының өзіндік ерекшелігі бар екені айдан анық. Кейде ұйымдастырушылардың да қателесетіні кездесіп жатады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға Олимпиаданың ашылу кештеріндегі кейбір оқыс оқиғалар мен көрермен күтпеген сәттерді ұсынамыз.

1928 жыл. Санкт-Мориц қысқы Олимпиада ойындары (Швейцария)


Швейцария жеріндегі бұл дода қысқы Олимпиада ойындарындағы екіншісі болатын. Алғашқы қысқы ойындар аламаны 1924 жылы Францияның Шамони қаласында өткен. Ол кезде ашылу салтанатында бүкіл спортшылар шықпай, тек Ту ұстап шығушылар ғана кештің ортасына шығатын болған. Санкт-Мориц қысқы Олимпиадасының ашылу кешіне тосын сыйды табиғат жасады. Түні бойы тоқтамай жауған қардан кейін, ақ Олимпиада ұйымдастырушылары ашылу салтанатын жоспарлаған уақытынан жарты сағатқа кеш бастапты. Өйткені, қалың қар кеш өтетін алаңды басып қалған екен.

1956 жыл. Кортина д’Ампеццо қысқы Олимпиада ойындары (Италия)


Италия жерінде өткен VІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында да күтпеген оқиға орын алған. Ақ Олимпиаданың алауын тұтатушы Гвидо Кароли негізгі алаңға конькимен жүйткіп бара жатып, айдында хабар таратушы телеарналардың сымына шалынып құлаған. Нәтижесінде алау сөніп, қайта тұтатуға тура келіпті. Ұйымдастырушылар айдындағы сымды назарға алмаған көрінеді.

1972 жыл. Саппоро қысқы Олимпиада ойындары (Жапония)


1972 жылы қысқы Олимпиада Еуропа мен АҚШ аумағында өтпеген алғашқы дода болды. Ашылу салтанатында да жанкүйер көзіне түсерліктей оқыс оқиға орын ала қоймаған. Ал аламанның ашылуы алдында дайындығын пысықтап жатқан ұйымдастырушылардың ісін тамашалауға келген бір жанкүйер Олимпиада Туындағы сақиналардың қате орналасқанын байқайды. Соңынан сол жанкүйер ұйымдастырушыларға да ескертеді. Алайда айтылған сөз айтылған орнында қалып қойған көрінеді. Нәтижесінде дәл осындай қателігі бар Олимпиада Туы 1950 мен 1960 жылдардағы додалардың ашылу салтанаттарында желбіреп тұрыпты.  

1988 жыл. Сеул қысқы Олимпиада ойындары (Корея)


Сеул қысқы Олимпиада ойындарында да көпшілік күтпеген оқыс оқиға орын алған. Корей салты бойынша алау жағылар алдында ақ көгершіндерді ұшырады. Бұл олардың бейбітшілік болсын деген нанымынан туса керек-ті. Әуеге көтерілген көптеген көгершіндер алаңды тастап шықпай, дәл алау жағылар тұғырға қонақтаған. Ал Олимпиада алауын тұтатушы спортшылар бейбітшілік құсын тұғырынан ұшыруға дәрменсіз болыпты. Нәтижесінде көгершіндер бір сәтте күлге айналыпты...

2010 жыл. Ванкувер қысқы Олимпиада ойындары (Канада)


Канададағы ақ Олимпиада алғаш рет «Би Си Плэйс» деп аталатын жабық стадионда өтті. Алпыс мың жанкүйер жиналған алаңдағы ашылу салтанатының алау жағылар сәтінде Лемой-Доан тұтататын тұғырдың оты тұтанбай қалады. Алайда Олимпиада ұйымдастырушылары бұл сәтті көрерменге аса байқатпай, алаңдағы өзге істі атқарушы қызметкердің арқасында оңай сытылып шығыпты.

2012 жыл. Лондон жазғы Олимпиада ойындары (Ұлыбритания)


Олимпиаданың соңғы ашылу салтанатын Лондонда тамашаладық. Бұл додада да жұрт аса мән бермеген, кейіннен барып белгілі болған оқиға орын алды. Үнді елінің құрамасы алаңға беттеп келе жатқан тұста, белгісіз бір әйел олардың қатарларына қосылған. Ал спортшылар оны алып жүретін ұйымдастырушылардың бірі екен деп ойлап қалса, ұйымдастырушылар оны спортшылардың бірі екен деп ойлап қалыпты. Кейіннен бұл бұқаралық ақпарат құралында біраз дау да тудырды. Дегенмен «батыр әйел» спортшылармен бірге алаңда жүріп өту бақытын миллиардтаған халықтың көзінше басынан бір кешірді.

Иә, Олимпиаданың ашылуы салтанаты үлкен еңбек пен ұйымдастырушылықтың арқасында келеді. Төрткүл дүние көз тіккен сыннан сүрінбей өту – кез келген доданы өткізуші елдің басты мақсаты мен міндеті екені айдан анық. Қазіргі таңда Сочи де дәл осындай дайындық үстінде. Ендеше, сіз де төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің ашылу салтанатын құр жіберіп алмаңыз. Еліміздің көк туын желбіретіп шығатын спортшыларымызға қолдауымызды аямайық! Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: championat.com

Ө. Сансызбай