Ванесса Мэй Сочиде бақ сынайды

Ванесса Мэй Сочиде бақ сынайды

Таиланд халықаралық Олимпиада комитеті әлемге танымал скрипкашы Ванесса Мэйді Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатынын мәлімдеді. Словенияда өткен тау шаңғысы жарысында спортшы квалификациялық норманы ойдағыдай орындап шықты.

Ванесса Мэй 4 жасқа толғанда ата-анасы Ұлыбританияға қоныс аударған. Қазіргі таңда 35 жастағы скрипкашы аталған елдің ұлттық құрамасының намысын қорғай алмайтындығына көзі жеткен соң, Таиланд атынан сынға түсуді жөн деп шешіпті.

Дүниежүзілік тау шаңғышылары рейтингінің алғашқы бес жүз орнына таиландтық шаңғышылардың есімі енбеген. Сондықтан да, Олимпиада ережесіне сай мұндай елдерден бір ер және бір әйел спортшы квалификациялық норманы орындаса, жарысқа қатысу құқығына ие бола алады. Таиланд құрамасынан тау шаңғысы спорттық ойынына алғашқы қатысқан - Прават Нагваджара. Ол 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде және 2006 жылы Туринде өткен қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен.

Ванесса Мэй Сочиде өтетін қысқы Олимпиадада әкесінің Ванакорн деген тегімен қатысатын болды. Скрипкашы тау шаңғысы спортымен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Музыкадан кейінгі басты қызығатыны да осы спорт түрі екен. Ол 7-23 ақпан аралығында өтетін Сочи Олимпиадасында табиғи я қолдан жасалған кедергілер арқылы шаңғымен таудан төмен түсу сынында (слалом) бақ сынайтын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: ski.ru

Ө. Сансызбай