Ағылшын үйренуге пайдалы TV-шоу

Ағылшын үйренуге пайдалы TV-шоу
Фото: cheatsheet.com

Ағылшын тілін үйрену үшін оқу, жазу аздық етеді. Жиі тыңдап, құлақты ағылшын тілін "естуге" үйрету керек. Оған көмектесетін фильмдер мен сериалдар. Бірақ ауызекі сөйлемді TV-шоулардан жиірек көреміз. Әр идиоманы қандай көңіл-күймен жеткізу керегін де сол жерден біле аламыз. Ендеше, сондай танымдық, қызық ТОП-5 TV-шоуды назарларыңызға ұсынамыз.

The Ellen DeGeneres Show

The Ellen DeGeneres Show 2003 жылы 8 қыркүйекте басталған. Соңғы, яғни 19-маусымын аяқтаған бағдарлама осы уақытқа дейін көптің көңілінен шыққан. Қайырымдылық шарасы, түрлі эксперименттер, келген жұлдыздарды қорқыту не құпия таланттарын ашу секілді қызық сәттері бар. Тележүргізуші Эллен Дедженерис балалардан да сұқбат алатын. Тыңдағанға оңай, түсінгенге жеңіл болады.

Кеңес #1

Егер көріп отырған видеода сөйлеушілер тез сөйлесе не құлағым бір сөзін естімей қалады деп қорықсаңыз, видеоның жылдамдығын азайтсаңыз болады.

The Tonight Show Starring Jimmy Fallon 

The Tonight Show Starring Jimmy Fallon да – америкалық шоу. Бұл шоуға көрермен болғысы келген жандар билет алу үшін Рокфеллер орталығынан студия кеңсесіне дейін ұзын-сонар кезекті түнеп күтеді. Келген қонақтармен жүргізуші Джимми Фэллон скэтч, сұқбат, шағын концерт, қызық ойындар ұйымдастырады.

Кеңес #2

Өз қызығушылығыңызға байланысты видеоларды ағылшын тілінде – түпнұсқа көруге кеңес береміз. Сән, кино, футбол секілді тақырыптарға арналған каналдарға жазылып қойыңыз.

Jimmy Kimmel Live!

Бұл шоуда сонау 2003 жылы тұсауын кескен. 20 жылға жуық Калифорниядан хабар таратып келеді. Алдыңғы екі мысалға қарағанда сәл салмақтырақ, көбіне сұқбат түрінде жарияланады. Ара-тұра ел арасына қызықты челлендждер жіберіп отырады. Жанды дауыста концерт те береді.

Кеңес #3

Ауызекі сөйлеуде жиі қолданылады-ау деген сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдерді видеодан естіп қалсаңыз, тоқтатып, кейін өзіңіз де қайталаңыз. Сол сөзді қолданып, сөз сөйлеміңізді құрастырыңыз.

The Oprah Winfrey Show

Бұл шоу 25 маусымнан, 4561 шығарылымнан тұрады. Америкалық поп-мәдениеттің жас жұлдыздарын қонаққа шақыратын. Өз-өзін дамытқан, жиі қайырымдылықпен айналысатын жандардан сұқбат алатын. Өз қорқынышымен күрескен, жеңе білгендермен де ашық пікірлескен. 1988 жылғы шығарылымында қатерлі ісікпен ауырған ананың қызына арнап түсірілген видеолары жайлы айтылған болатын. Анасы қызына бет сәндеуден бастап жар таңдауға дейінгі кеңестерін видео етіп өсиет қалдырған.

Кеңес #4

Субтитрдің көмегі бар ма? Бастапқыда субтитрмен көрсеңіз болады. Бірақ суститрмен көруге әуестенбеңіз. Көзіңіз жазуда болса, құлағыңыз "ашылмай" қалады. 

The Late Late Show with James Corden

Калифорниядан хабар тарататын бұл шоуды ағылшындық Джеймс Гордон жүргізеді. Бұл шоудың түрлі эксперименттері бар. Жүргізуші әртістерді жол ортасында бағдаршам жасылы жанғанша ән шырқатып қоюы да мүмкін. Немесе 3Бруклин тұрғынының үйіне кіріп кеп 300 АҚШ долларына Хәрри Стайлсқа бейнебаян түсіріп беруі де мүмкін. Көлігіне әншіні отырғызып ап, ән шырқатады. Болмаса, адам жемейтін нәрселерді қонақтың алдына тосып, жауап бере алмайтын сұрақтар қойып қинайды. 

Г. Берік