Астана әкімі Олимпиада жүлдегерлеріне автокөлік мінгізді

 Астана әкімі Олимпиада жүлдегерлеріне автокөлік мінгізді
Фото: vesti.kz

Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған боксшылар мен еркін күрестен әйелдер құрамасы елге оралды. Астана жұртшылығы спортшыларды айрықша құрметпен қарсы алды.

Салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев арнайы келіп, спортшыларды Рио төріндегі жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегерлері Данияр Елеусінов, Василий Левит пен Гузель Манюроваға көлік кілтін табыстады.

- Олимпиадада ел намысын зор абыроймен қорғаған спортшыларды құттықтаймын. Сіздер халықтың және осында тұрған азаматтардың сенімін ақтадыңыздар. Сіздер нағыз батырсыздар. Мен сіздердің жаттықтырушыларыңызды және ата-аналарыңызды ұлы жеңістерімен құттықтаймын. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар қала әкімі Рио Олимпиадасының жүлдегерлеріне алдағы уақытта жаңа пәтерлер берілетіндігін де атап өтті. Спортшылар да зор қолдау білдірген жанкүйерлеріне өз алғыстарын білдірді.

Әр өңір Олимпиадада ел намысын қорғаған спортшылардың зор қошеметпен қарсы алуда. Кеше Оңтүстік жұртшылығы Олимпиада жүлдегерлері Жазира Жаппарқұл мен Галбадрах Отгонцэцэгті қарсы алып, құрмет көрсеткен еді. Сондай-ақ жанкүйерлерінің бірі қазақ қыздарының арасында тұңғыш болып Олимп шыңынан көрінген Жазираға ақ боз ат мінгізді.

Ө. Сансызбай