Рио Олимпиадасында жаңарған әлем рекордтары

Рио Олимпиадасында жаңарған әлем рекордтары
Фото: google.kz, sports.ru

Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары да аяқталып, бабы мен бағы келіскен спортшылар еліне жүлделі оралуда. Олардың қатарында әлем және Олимпиада рекордын жаңартқан спортшылар да бар. Олай болса, назарларыңызға Бразилиядағы додада жаңарған әлем рекордтары жайлы қызықты ақпаратымызды ұсынамыз. Жаңа әлем рекордтары жайлы біле жүріңіздер. 

Венгриялық Катинка Хошсу Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында 400 метр қашықтыққа кешенді жүзуде әлемдік рекордты жаңартып, алтын медальға ие болды. Ол бұл қашықтықтықты 4 минут 26,36 секундта жүзіп өтті. Осыған дейін бұл рекорд 4 минут 28,43 секунд нәтижесімен қытайлық Е Шивеньге тиесілі болып келген еді. Сондай-ақ Катинка 400 метр қашықтыққа жүзуде де рекорд орнатты. Ол бұл қашықтықты 4.26,36 минутта жүзіп өтті.

Суда жүзу спортынан Аустралия әйелдер құрамасы еркін әдіспен 100 метрлік эстафеталық сында әлем және Олимпиада рекордын тіркеді. Эмма Макеон, Бриттани Элмсли, Бронте Кэмпбелл және Кейт Кэмпбелл орнатқан жаңа рекордтық көрсеткіш - 3 минут 30,65 секунд.

100 метрге брасс әдісімен жүзуде де әлем рекорды жаңарды. Британдық жүзуші Адам Пити 2015 жылы Лондонда орнатқан рекордын жаңартты. Енді бұл қашықтықтағы жаңа рекордтық уақыт 57,55 секундты құрап отыр.

Швед жүзгіші Сара Шестрем де әлем рекордын жаңартты. Ол 100 метрді баттерфляй әдісімен 55,48 секундта жүзіп өтті. Нәтижесінде жаңа рекорд болып тіркелді. 

Суда жүзу спортында жаңарған рекордтардың бірі америкалық жүзгіш Райан Мерфидің еншісінде. Ол 100 метр қашықтықты шалқалай жүзуде 51,85 секундпен бірінші келді. 

Америкалық Кэти Ледеки 400 метр мен 800 метрге еркін жүзуде әлем рекордын жаңартты. Ол 400 метрді 3 минут 56,46 секундта, 800 метрді 8 минут 04,79 секундта жүзіп өтті. 

Қытайлық ауыр атлет Лун Цинцюань 56 келіге дейінгі салмақта 16 жыл бойы жаңармай келген рекордқа түзету енгізді. Ол қоссайыста 307 келі көтерді. 

63 келіге дейінгі салмақта қытайлық ауыр атлет Дэн Вэй Олимпиада чемпионы атанды. Ол қоссайыста 262 келімен (115+147) әлем рекордын орнатты. Сондай-ақ серпе көтерудегі өзінің рекордына да түзету енгізді. Енді бұл салмақтағы серпе көтеру рекорды - 147 келі.

Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш болып алтын медаль салған Ниджат Рахимов чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. 77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы серпе көтеруде 214 келіні басынан асырды. Бұл рекордтық көрсеткіш болатын.

Қытайлық ауыр атлет Люй Сяоцзюнь да рекорд иегері атанды. 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын спортшы жұлқа көтеруде 177 келіні көтеріп, әлем рекордын жаңартты.

Иран ауыр атлеті Бехдад Салими (105 келіден жоғары) жұлқа көтеруді 216 келіні басынан асырып, әлем рекордына түзету енгізді.

Ирандық тағы бір ауыр атлет Киануш Ростами өзінің еншісіндегі әлем рекордын жаңартты.  85 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын спортшы қоссайыста 396 келіні көтеріп, Олимпиада чемпионы атанды. 

Киануш Ростами – танымал ирандық ауыр атлеттердің бірі. 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысып, қоссайыста 391 (178+213) келімен жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Ал оған дейін Париждегі (2011 жыл) әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері.

Риода 105 келіден жоғары салмақта қоссайыс қорытындысы бойынша да рекорд жаңарды. Бұл рекордтың иегері - грузин Лаша Талахадзе. Ол қоссайыс бойынша 473 келіні көтерді. 

Эфиопиялық жеңіл атлет Алмаз Аяна 10 шақырымды 29 минут 17,45 секундта жүгіріп өтіп, әлем рекордына түзету енгізді.

Қытайлық велоспортшылар Гун Цзиньцзе мен Чжун Тяньши тректегі спринт спорты бойынша 31,928 секунд көрсеткішімен әлем рекордын жаңартты.

Ұлыбританиялық велоспортшылар да тректегі командалық сында рекорд (3:50.265.) орнатты. 

Тректегі велоспорттан ұлыбританиялық қыздар да әлем рекордын жаңартты. Олардың көрсеткіші - 4:10.236.

Оңтүстік Африка Республикасының жеңіл атлеті Вайде Ван Никерк 400 метрге қашықтыққа жүгіруде 17 жыл бойы жаңармай келген рекордқа өзгерту жасады. Ол аталған қашықтықты 43,03 секундта жүгіріп өтті.

Шарбалға лақтырушы поляк қызы Анита Влодарчик өзінің кезекті рекордын (82,29 м) жаңартты. 

Ө. Сансызбай