Риода Олимпиаданың жабылу салтанаты өтті (видео)

Риода Олимпиаданың жабылу салтанаты өтті (видео)
Фото: Ізтұрған Алдауев, rio2016.com

Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары да мәресіне жетті. Додаға 207 мемлекеттен 11 544 спортшы қатысты.

Бразилия төртжылдықтың басты додасын салтанатты түрде шығарып салды. Жабылу салтанаты әйгілі «Маракана» стадионында өтті. Салтанатты шара бразилиялықтардың салт-санасынан көрініс беретін музыкалық қойылыммен басталды. Балалар хоры Бразилия елінің Әнұранын орындап, жарысқа қатысқан елдердің Туының салтанатты шеруі өтті. Еліміздің Туын таеквондошы Руслан Жапаров көтеріп шықты.

Тулардың шеруінен кейін бразилиялықтардың мәдениетінен хабар беретін қойылымдар көрермендер назарына жол тартты. Одан кейін Рио Олимпиадасының ең үздік сәттері топтастырылған бейнеролик көрсетілді. Оған Әділбек Ниязымбетов пен Галбадрах Отгонцэцэгтің жарыс сәтіндегі жарқын сәттері енген. Одан кейін Олимпиада марафонында жүлдегер атанған спортшылар марапатталды.

Жабылу салтанаты барысында ХОК-тың жаңа мүшелері таныстырылды. Сондай-ақ ерікті қызмет атқарған ұйымдастырушыларға алғыс айтылды. Соңынан Олимпиада Туы салтанатты түрде Жапония еліне табысталды. «Күншығыс елінің» Әнұраны орындалып, Туды Токио мэрі Юрико Койкэ салтанатты түрде қабыл алды.

Олимпиада Токиоға салтанатты түрде табысталғаннан кейін Рио Олимпиадасы қорытындыланды. ХОК президенті Томас Бах ресми баяндамасын оқып, Рио халқына Пьер де Кубертен атындағы сыйлықты табыстады. Соңынан Олимпиаданы жабық деп жариялады. Олимпиада алауы жасанды жаңбырдың көмегімен сөндіріліп, отшашуға ұласты. Осылайша төртжылдықтың басты додасы да мәресіне жетті.

Рио Олимпиадасында жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы көш бастады. Америкалық спортшылар 46 алтын 37 күміс 38 қола медаль еншіледі. Ұлыбритания 27 алтын 23 күміс 17 қоламен екінші орында болса, үштікті аспан асты елінің спортшылары түйіндеп тұр. Қытай құрамасы 26 алтын 18 күміс 26 қола медаль еншілеген. Толық рейтингті мына сілтемеге өтіп көре аласыздар.

Айта кетейік, Рио Олимпиадасына Қазақстан атынан 104 спортшы қатысты. 3 алтын 5 күміс 9 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 22-орын алды.

Ө. Сансызбай