Вэл Баркер кубогы өзбек боксшысына бұйырды

Вэл Баркер кубогы өзбек боксшысына бұйырды
Фото: allboxing.ru

Бокстан Олимпиада ойындарындағы Вэл Баркер кубогын өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов иеленді. Ол 49 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ, алдағы уақытта кәсіпқой бокста бағын сынамақ.

Вэл Баркер кубогы Олимпиада ойындарында техникалық шеберлігі жоғары боксшыға беріледі. 1936 жылдан бері табысталып келеді. Бұл атаққа үш қазақ боксшысы қол жеткізген. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада – Василий Жиров, 2004 жылы Афиныда – Бақтияр Артаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев иеленген болатын.

AIBA Риодағы Олимпиада ойындарында әйелдерге де Вэл Баркер кубогын беретінін хабарлаған еді. Нәтижесінде бұл сыйлықты бірінші болып америкалық боксшы қыз Клареса Шилдс иеленді. Ол жартылай финалда отандасымыз Дариға Шәкімованы жеңіп кеткен еді.

Риодағы бокс додасында қазақ боксшылары 1 алтын 2 күміс 2 қола медаль еншіледі. 69 келіге дейінгі салмақта Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін асырды. Ал Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Василий Левит (91 келі) күмісті місе тұтты. Аса ауыр салмақта Иван Дычко қола медаль алса, әйелдер арасында Дариға Шәкімова қола алды. Бұл нәтижемен боксшыларымыз жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды.

Риода бокстан Өзбекстан құрамасы жалпы есепте көш бастады. Олар 3 алтын 2 күміс 2 қола медаль алды. Екінші орынды Куба елі (3 алтын 3 қола) иеленсе, үштікті 2 алтын медальмен Франция құрамасы түйіндеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Риодағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында жалпыкомандалық есепте 22-орын алды.

Ө. Сансызбай