Бүгін Риодағы Олимпиада ойындары аяқталады

Бүгін Риодағы Олимпиада ойындары аяқталады
Фото: vesti.kz

Төрткүл дүние төрт жыл күткен Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары да соңына жетті. Бүгін доданың соңғы күніндегі медальдар жиынтығы сарапқа салынып, жабылу салтанаты өтеді.

Бүгін жарыстың соңғы күні екі спортшымыз жүлдеге таласатын болады. Олар – еркін күрестен Мамед Ибрагимов пен марафоншы Михаил Красилов. Спортшылардың жарыс кестесі төмендегідей:

Спорт түрі: Еркін күрес. Ерлер (97 келіге дейін)
Спортшы: Мамед Ибрагимов
Басталуы: Астана уақытымен сағат 18.18. Тікелей эфир («Қазақстан»)

Спорт түрі: Жеңіл атлетика. Ерлер. Марафон
Спортшы: Михаил Красилов
Басталуы: Астана уақытымен сағат 18.30

Қазақстан құрамасы 3 алтын 5 күміс 9 қола медальмен 21-орында келеді. Барлығы 17 медаль иеленіп, жүлде саны бойынша осыған дейінгі Олимпиадалардағы рекордын жаңартты. Жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы айқын көшбасшы. Олар Риода 43 алтын 36 күміс 37 қола медаль еншіледі. Ұлыбритания 27 алтын 22 күміс 17 қоламен екінші орында болса, үштікті аспан асты елінің спортшылары түйіндеп тұр. Қытай құрамасы 25 алтын 18 күміс 26 қола медаль еншілеген. Толық рейтингті мына сілтемеге өтіп көре аласыздар.

ХХХІ жазғы Олимпиаданың жабылу салтанаты Астана уақытымен түнгі сағат 04:50-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан», «Хабар» мен  «KazSport» арналары көрсетілім тарататын болады.

Ө. Сансызбай