Елбасы Даниярды Олимпиададағы жеңісімен құттықтады

Елбасы Даниярды Олимпиададағы жеңісімен құттықтады
Фото: inform.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрініп, әлем алдында әнұранымыздың шырқалуына себеп болған Данияр Елеусіновке құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы боксшыны бүгінгі жеңіп алған алтын медалімен құттықтап, былай деді:

«Жылдар бойы тынымсыз төгілген тер мен зор қажыр-қайраттың және зор шеберліктің нәтижесінде дүниежүзілік спорт додасында қол жеткізілген бұл жеңіс барша қазақстандықтарға шексіз шаттық сыйлады. Бұл жеңіс осы бәсекені тамашалаған мыңдаған жасөспірімнің спортпен айналыса бастауына, олардың шыныққан шымыр болып өсуіне және мақсатты өмір сүруіне жаңа серпін беретіні сөзсіз».

Елбасы еліне жеңіс сыйлаған ерге зор денсаулық, жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тіледі.

Е. Жұмабайұлы