Қазақстан Олимпиада тарихындағы жүлделер саны бойынша көрсеткішін жаңартты

Қазақстан Олимпиада тарихындағы жүлделер саны бойынша көрсеткішін жаңартты
Фото: rus.azattyq.org

Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында жүлделер саны бойынша көрсеткішін жаңартты. Осыған дейін қазақстандық спортшылар ең көбі 13 медальға ие болса, Риода бұл көрсеткіш жаңарып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 12 медаль бар. Сондай-ақ тағы 3 медальды күрзі жұдырықты боксшыларымыздан күтіп отырмыз. Аса ауыр салмақта Иван Дычко мен қыздар арасында 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова жартылай финалда жұдырықтасса, Әділбек Ниязымбетов Олимпиаданың алтынына таласады. Сонда Қазақстан құрамасы қазірдің өзінде 15 медальға қол жеткізіп отыр. Алда әлі 4 күн барын ескерер болсақ, бұл көрсеткіш тағы да жаңара түседі деген сенімдеміз. Санынан гөрі, сапасы арта түссе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қазақстан спортшылары еліміздің атынан Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Атлантада өткен додада 11 медаль (3 алтын, 4 күміс және 4 қола) иеленді. 2000 жылы Сиднейде - 7 медаль (3 алтын, 4 күміс), 2004 жылы Афиныда - 8 медаль (1 алтын, 4 күміс, 3 қола), 2008 жылы Бейжіңде - 13 медаль (2 алтын, 4 күміс, 7 қола) жеңіп алған болатын. Ал 2012 жылы Лондонда өткен төртжылдықтың додасы қазақ спорты үшін табысты болған еді. Мұнда қазақстандық спортшылар 13 медаль (7 алтын, 1 күміс, 5 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтаған-ды.

Ө. Сансызбай