Дариға Шәкімова Олимпиаданың жартылай финалына шықты

Дариға Шәкімова Олимпиаданың жартылай финалына шықты
Фото: kfb.kz

Қазақстандық боксшы қыз Дариға Шәкімова Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Отандасымыз ширек финалда марокколық Хадиджа Мардиді жеңді. 

75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы бойшаң қарсыласына қарсы бар шеберлігін салып жұдырықтасты. Қорғаныста жүріп, қарсыласының қапысын қалдырумен болды. Марокколық та осалдық танытқан жоқ. Дегенмен отандасымыздың ширақ қимылы мен белсенділігі байқалып, төрешілер  3:0 (39-37, 39-37, 39-37, 39-37) есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды.

Жартылай финалда Дариға Шәкімова Лондон Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы (2014, 2016) америкалық Кларесса Шилдспен жұдырықтасады. Жекпе-жек 20 тамыз күні Астана уақытымен түнгі сағат 3:30-ға жоспарланған.

Ө. Сансызбай