Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин елге оралды

Суда жүзуден қазақ спорты тарихында алғаш рет Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландин елге оралды. Алматы әуежайынан түскен спортшыны қалың жұртшылық зор қошеметпен қарсы алды.

Олимпиада чемпионын алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза қарсы алды. Спортшыны айтулы жеңісімен құттықтап, елінің мақтанышына айналғанын зор құрметпен жеткізді.

- Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қазақ суда жүзу спортының тарихында бірінші болып алтын алды. Осы жетістігі үшін оның отбасына алғыс білдіреміз, соларға рақмет айтамыз. Дмитрийге үлкен рақмет! Өзі керемет тәрбиелі жігіт екен. 21 жасында ҚазҰУ-дың ІІІ курсында оқып жүріп, бір түннің ішінде жастардың кумиріне айналды. Бұл – қазақстандық жанкүйерлерге тосын сый болды деуге болады. Бірақ жаңа ата-аналары айтқандай, бұл жүлдені Дмитрий жеңіп алуды күткен. Неге десеңіз, Дмитрий жылдар бойы өзінің ерен еңбегімен осы табысқа қол жеткізіп отыр, - деді қала әкімі.

200 метрге брасс әдісімен жүзуде Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландин де өз қуанышын жасырып қала алмады. Барша қазақстандықтарға алғысын білдіріп, қуанышымен бөлісті.

- Маған, барша ұлттық құрамаға қолдау білдіріп жатқан қазақстандықтарға зор алғысымды білдіремін. Олимпиада ойындарында еліміздің атынан шығу – үлкен мәртебе. Бұл үшін өте қуаныштымын. Барлықтарыңызға тағы да үлкен алғыс, - деді Дмитрий Баландин.

Дмитрийдің жаттықтырушысы Алексей Казаков та шәкіртінің жетістігіне тәнті болғанын айтып, бразилиялықтар қалай таңданғандарын айтып жеткізді.

- Барлықтарыңызға алғыс айтамыз. Елімізге алғыс айтамыз. Дмитрий Баландин чемпион атанғанда Бразилия таңданыстарын жасыра алмады. 15 миллион ғана халқы бар Қазақстаннан Олимпиада чемпионы шыққанда, бір қалада осыншама халық тұратын бразилиялықтар жерге қарады. Біз чемпион атандық. Біздің Туымыз биікке көтерілгендігі, Әнұранымыз шарықтаған сәттегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Біз Олимпиада чемпионы атануға болатынын дәлелдедік, - деді бапкері.

Дмитрий Баландин салтанатты шара барысында ҚазҰУ студенттеріне қолтаңба беріп, жиналған жұртшылықпен естелік суреттерге түсті.