Денис Уланов жүлделі орыннан көріне алмады

Денис Уланов жүлделі орыннан көріне алмады
Фото: Изтурган Алдауев

Ауыр атлетикадан 85 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын қазақстандық Денис Уланов Рио Олимпиадасында төртінші орын алды. Отандасымыз салмақ дәрежесі бойынша румыниялық спортшы Габриэль Синкраянға жол беріп алды.

Қазақстандық спортшы жұлқа көтеру жаттығуын 170 келіден бастады. Бұл салмақты оңай еңсерді. Екінші мүмкіндігінде 175 келіге тапсырыс берді. Алғашқысында көтере алмағанмен, соңғы мүмкіндігінде көтерді.

Жұлқа көтеру жаттығуының қорытындысы бойынша Денис Уланов төртінші орынға тұрақтады.  Бірінші  орынды  179 келі нәтижесімен Киануш Ростами иемденсе, қытайлық спортшы Тянь Тао одан бір келі кем көтерді. Ал үшінші орынға тұрақтаған украиналық Александр Пелешенконың салмағы Денистен аз болып шықты. Ол да бірінші жаттығуында 175 келі көтерген болатын.

Серпе көтеру жаттығуын Денис 215 келіден бастап, алғашқы екі мүмкіндігінде де зілтемірді басынан асыра ұстап тұра алмады. Соңғы мүмкіндігінде барып қана бұл салмақ қазақстандық спортшының ырқына бағынды. Дегенмен 390 келі отандасымыздың жүлделі орыннан көрінуіне жеткіліксіз болды.

85 келіге дейінгі салмақта ирандық Киануш Рустами Олимпиада чемпионы атанды. Ол қоссайыста 396 келімен (179+217) әлем рекордын жаңартты. Күміс қытайлық ауыр атлет Тянь Таоға (178+217) бұйырды. Қола медальды Денис Улановтан салмағы жеңіл болып шыққан румын спортшысы Габриэль Синкраян иеленді.  

Ө. Сансызбай