Өзге елдер Олимпиада жеңімпаздарына қанша сыйақы береді?

Өзге елдер Олимпиада жеңімпаздарына қанша сыйақы береді?
Фото: rio2016.com

Олимпиада ойындарында жеңіске жету – кез келген спортшының арманы. Жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан көріну - спорттық мансабындағы ірі жетістік қана емес, ірі табыс көзі де.

Төртжылдықтың басты додасында топ жарған спортшыға құрмет жоғары екені белгілі. Көп елдер жеңімпаз атанған спортшыға ірі көлемде сыйақы беріп жатады. Бұл қатарға Қазақстанды да қосуға болады. Алтын медаль алған спортшыға елімізде 250 000 доллар, күміс медаль иегеріне 150 000 доллар, қола медаль алған спортшыға — 75 000 доллар сыйақы тағайындалған. Оны былай қойғанда, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР заңына сәйкес Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті әкімдіктер тарапынан пәтер беріледі. Тарқатып айтар болсақ, алтын медаль иемденген Олимпиада чемпионына үш бөлмелі пәтер, ал күміс алған спортшыға екі бөлмелі, қола жүлдегерге бір бөлмелі пәтер беріледі.

Қазақстан Олимпиада чемпионына ең көп сыйақы беретін елдер қатарында 3-орыннан көрініп отыр. Ал ең көп сыйақы тағайындаған елдер тізімін Әзірбайжан бастап тұр. Олар Олимпиада чемпионы атанып, елінің абыройын асқақтатқан спортшыға 510 000 АҚШ долларын беруге әзір. Риоға бұл елдің атынан 56 спортшы келді. Әзірге 1 күміс медаль бар.

Алғашқы ондықта келе жатқан Таиланд құрамасы 54 спортшымен барып, 2 алтын 1 күміс 1 қола жүлде еншілеп үлгерді. Жеңімпаз атанған спортшыларына 314 000 АҚШ долларынан береді. Бірақ бұл көлемдегі қаржыны бірден бермейді. 20 жыл ішінде бөлшектеп береді. Бұл бір жағынан допинг дауына да қатысты болуы мүмкін. 

Олимпиада жеңімпаздарына ең көп сыйақы беретін елдер тізімінің ондығына Қазақстаннан өзге Малайзия (249 000 $), Филиппин (237 000 $), Өзбекстан (200 000 $) және Италия (168 000 $) елдері еніп отыр. Сондай-ақ қытайлық Тайвэй мен Индонезия елдері де спортшыларына ең көп сыйақы беретін елдер қатарында.

Көршілес елдер арасында өзбек елі спортшыларына қомақты сыйақы (200 000 $) тағайындап отыр. Ресейліктер Олимпиада чемпиондарына 4 миллион рубль берсе, «аспан асты елі» 50 000 доллар береді екен. Ал қырғыз ағайындар чемпион атанған спортшыларына 105 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған.

Олимпиада ойындарын ең көп жүлдеге ие болатын АҚШ елі жеңімпаз атанған спортшыларына ірі көлемде сыйақы бермейді. Бар болғаны 25 000 доллар тағайындаған. Германия – 20 000, Польша – 38 000, Австрия – 20 000, Канада – 20 000, Оңтүстік Корея – 32 000, Франция – 65 000, Украина 125 000 АҚШ долларынан береді.

2012 жылғы Олимпиада кезінде Сингапур елі жеңімпаз атанған спортшысына 800 000 АҚШ долларын беретінін айтқан еді. Рио Олимпиадасында бұл елдің билігі сыйақысын күрт төмендетіп, 50 000 доллар беретінін хабарлаған.

Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшыларына сыйақы бермейтін елдер де де бар. Мәселен Ұлыбритания, Хорватия, Норвегия мен Швеция елінің биліктері үздіктеріне сыйақы беруді қарастырмаған.

Айта кетейік, Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 104 спортшы аттанған болатын. Алғашқы үш күннің қорытындысы бойыншы ел құрамасы 1 күміс 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 25-орында келеді.

О. Сансызбай