Қазақстан құрамасы 25-орында келеді

Қазақстан құрамасы 25-орында келеді
Фото: rio2016.com

Рио Олимпиадасының алғашқы үш күні де мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге 1 күміс 2 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 25-орында келеді.

Дүбірлі доданың үшінші күні жарыс жолына шыққан қазақстандық спортшылардың нәтижелері туралы аз-кем айта отырайық. Ауыр атлет Фархад Харки қола жүлдегер атанса, боксшылар Біржан Жақыпов, Жәнібек Әлімханұлы мен Василий Левит алғашқы жекпе-жектерін жарқын жеңіспен бастады.

Дзюдодан 73 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан Дидар Хамза бірінші айналымда гамбиялық Файе Нжиені жеңген еді. Алайда екінші айналымда 2016 жылғы Еуропа чемпионы Рустам Оруджиевке ескерту бойынша жол беріп, жүлделі орынға іліге алмады.

Нысана көздеуден ел намысын қорғаған Юрий Юрков іріктеу кезеңінен аса алмады. Ал садақ атудан Сұлтан Дүзелбаев пен Луиза Сайдиеваның да жолы болмады.

Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Светлана Германович іріктеуден өте алмады. Ал жекелей байдаркада 19-шы нәтижені көрсеткен Екатерина Смирнова да негізгі кезеңге шыға алмады.

Үш күннің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы (5 алтын 7 күміс 7 қола) алда келеді. Екінші орынға 5 алтын 3 күміс 5 қола медаль иеленген Қытай құрамасы орналасқан. Үштікке 4 алтын 3 қоламен Аустралия құрамасы еніп отыр. Құрамалардың толық медальдар жиынтығын мына сілтеме арқылы көре аласыздар.    

Ө. Сансызбай