Олимпиаданың екінші күні жүлде бұйырмады

Олимпиаданың екінші күні жүлде бұйырмады

Рио Олимпиадасының екінші күнінде қазақстандық спортшыларға жүлде бұйрымады. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 18-ші орынға түсті.

Жарыстың екінші күнінде үздік нәтижені ауыр атлет Арли Чонтей көрсетті. 56 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз қоссайыста 278 келіні бағындырып, төртінші орыннан көрінді.

Дзюдошы Жансай Смағұлов жарысты жеңіспен бастағанмен, екінші айналымда Оңтүстік Корея елінің балуаны Ан Ба Улдан жеңіліп қалды. Нәтижесінде жүлделі орынға іліге алмады.

100 метрге брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин сәтті өнер көрсетті десек қателеспейміз. Финалдық кезеңде бақ сынады. 21 жастағы спортшымыз үшін мұны үлкен жетістік ретінде бағалауға болады. Отандасымыз сегізінші орынды місе тұтты.

Қазақстандық теннисшілер жарысты ерте аяқтады. Жекелей сында жарыс жолына шыққан Ярослава Шведова жапон Мисака Доиға ұтылса, жұптық кезеңде Галина Воскобоевамен бірге тағы да сәтсіздікке ұшырады. Бельгиялық Кирстен Флипкенс пен Янина Викмайерға қарсы ойынды қазақстандықтар бірінші сеттен кейін жалғастыра алмады.

100 метрге шалқалай жүзуден ел намысын қорғаған Екатерина Руденко іріктеу кезеңінен өте алмады. Ал мерген Марина Дмитриенко іріктеу кезеңінде сегізінші орыннан көрініп, финалдық кезеңге шыға алмады.

Екі күннің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы алға шықты. Олардың еншісінде 3 алтын 5 күміс 4 қола медаль бар. Екінші орында 3 алтын 2 күміс 3 қоламен Қытай құрамасы болса, үштікке 3 алтын 3 қоламен Аустралия құрамасы орналасқан. Толық медальдар жиынтығын мына сілтеме арқылы көре аласыздар.

Ө. Сансызбай