Қазақстан қос жүлдемен 12-орында

Қазақстан қос жүлдемен 12-орында
Фото: inform.kz

Рио-де-Жанейрода басталаған ХХХІ жазғы Олимпиаданың бірінші күні мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бір күміс, бір қоламен жалпыкомандалық есепте Италиямен бірге 12-орынды бөлісіп тұр.

Олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті деуге негіз бар. Дзюдодан Елдос Сметов күміс жүлдегер атанса, Галбадрах Отгонцэцэг қола медальды иеленді. Брасс әдісімен 100 метрге жүзуден Дмитрий Баландин финалдық кезеңге өтті. Ал ауыр атлетикадан 48 келіге дейінгі салмақта Маргарита Елисеева бесінші орынға ие болды. Сондай-ақ соңғы сәттерге дейін жүлдеге таласа білген велошабандоз Андрей Зейц сегізінші орын алды.

Бірінші күні жарыс жолын шыққан спортшылардың ішінде жанкүйерлер боксшы Берік Әбдірхмановтың келесі кезеңге шығатынына шүбә келтірмеген-ді. Өкінішке орай, қазақстандық спортшы жарысты ерте аяқтады. Сондай-ақ мерген Елизавета Король, академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Светлана Германович, үстел теннисінен Кирилл Герасименко іріктеу кезеңінен өте алмады. Ал велоспортшы Бақтияр Қожатаев мәре сызығын 61-ші болып кесті.

Олимпиаданың бірінші күні 17 елдің спортшылары жүлделі орыннан көрінді. 2 алтын және бір қола жүлде алған Аустралия медальдар көрсеткіші бойынша көш бастап келеді. 2 алтыны бар Венгрия екінші орында тұр. Үздік үштікті бір алтын және 4 күміс медаль алған АҚШ құрамасы түйіндеп тұр.

Олимпиаданың екінші күні жарыс жолына шығатын спортшыларымызға сәттілік тілейміз. 

Ө. Сансызбай