Рио Олимпиадасының алауы тұтанды

Рио Олимпиадасының алауы тұтанды
Фото: rio2016.com

Төрткүл дүние төрт жыл асыға күткен Рио Олимпиадасы да басталды. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты әйгілі «Маракана» стадионында өтті.

Олимпиаданың ашылу салтанаты жарыстағы аса маңызды шаралардың бірі. Бразилия елінің билігі бұл мерекелік шараға көп қаржы бөлмегенмен, жоғарғы деңгейде ұйымдастыра білді. Ашылу салтанатында ел тарихынан сыр шертетін қойылымдар сахналанып, ұлттық ерекшеліктері айқын көрініс тапты.

Әнші Паулинью да Виола Бразилия елінің әнұранын орындады. Артынан елдің тарихы мен еуропалықтар мен жапондардың келуінен көрініс беретін қойылымдар қойылды. Бразилиялықтар дзюдо мен джиу-джитсу спортының машығын осы жапондардан үйренген.

Салтанатты шара барысында алғашқы ұшақ пен биік ғимараттардың бой көтеруі де атқарушы продюсер Марко Баличтің назарынан тыс қалмағанын айқын аңғаруға болады.

Көріністердің біріне белгілі супермодель Жизель Будхен қатысты. 36 жастағы Бюндхен ашылу салтанатында Риодағы жағалаулардың бірі Ипанемадан шыққан қызды сомдады. Бұл дефиле оның мансап жолындағы соңғысы болды. 

Бразилиялықтар би өнеріне баса мән береді. Ашылу салтанаты барысында ламбада секілді танымал билерімен де өнер көрсете білді.

Ашылу салтанаты барысында ғаламның жылынуы мен мұздықтардың еруіне бей-жай қарауға болмайтынын басты назарға алған бразилиялықтар әлем халқын бір ойландырды. Ол үшін табиғатты қорғау керек екенін баса меңзеді.

Бразилиялықтар стадионнан жүріп өткен спортшыларға бір дәннен беріп, арнайы ыдысқа егуді ұсынды. Кейіннен бұл дәндер орман болып отырғызылмақ екен.

Ашылу салтанатындағы спортшылар шеруін дәстүрлі түрде Грекия құрамасы бастады. Бразилия соңғы болып қорытындылады. Ал Қазақстан құрамасы «Маракана» стадионына 41-ші болып шықты.

Спортшылар шеруінен кейін ХОК президенті Томас Бах сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Бразилия елі президентінің міндетін атқарушы Мишель Темер доданы ашық деп жариялады. Соңынан Олимпиада туы биік тұғырына ілінді.

ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауын әйгілі футболшы Пеленің тұтатыны хабарланған болатын. Бірақ футбол королі денсаулығына байланысты салтанатты шараға келе алмады. Нәтижесінде ХОК және Олимпиаданы ұйымдастырушылар таңдауымен Рио додасының алауын Афины Олимпиадасының қола жүлдегері, бразилиялық марафоншы Вандерлей Кордейру тұтатты.

Бразилиядағы дода 21 тамызға дейін созылады. 28 спорт түрінен 306 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Ө. Сансызбай