Наномаркетинг: Ұйықтап жатқан адамның түсіне жарнама енгізу технологиясы

Наномаркетинг: Ұйықтап жатқан адамның түсіне жарнама енгізу технологиясы
Фото: fbm.ru

Ұйықтап жатқан адамның өзі жарнаманың құрбаны болуы мүмкін. Яғни адам ұйықтап жатып та түсінде жарнама көріп, оны елестетіп, ақпаратты миына тоқып алуы ғажап емес. Мұндай нейромаркетинг пен наномаркетологиялық технология бары АҚШ ғалымдарының Сауда жөніндегі федералды комиссия жазған арыз хатынан белгілі болды.  Хатты жариялаған The Daily Mail басылымы.

Ашық хаттың астына американың 40 ғалымы қол қойған екен. Олардың айтуынша, қазір компаниялардың кейбірі адамның түсіне "еніп", ұйқысын "бұзу" арқылы өнімі мен қызметін жарнамалауға, сол арқылы қуатты құралға ие болуға тырысып жатқан көрінеді.

Қалай болғаны...

Маркетологияда нейробағдарламалау бағыты барын жақсы білеміз. Яғни, адамға жағымды эмоция мен сезім сыйлау арқылы белгілі бір тауар мен өнімді жағымды жағынан жарнамалап көрсету. Сол арқылы адам миында өнім мен тауардың жағымды таңбасын қалдыру. Бұл кәдімгі гипнозға ұқсас. Жарнамаланған тауарды көріп қалған адамның миында таңба реакция білдіріп, эмоция мен сезім тудырады да, адам тауарды сатып алғысы келетін ниет пайда болады.

Енді дәл осындай бағдарламалауды адамның күндізгі ойына емес, түнгі ұйқысына, түс көруіне енгізсе ше... Маркетологтар мен нейропсихология саласының мамандары арнайы стимуляциялық аудио не видеофрагменттерді пайдаланып, белгілі бір әуен мен образды ұйықтап жатқан адамға "енгізу" арқылы жағымды әсер мен сезімді, естелікті туғызудың заманауи технологиясын ойлап тапқан көрінеді.

Science басылымы мұндай технологияны "пәндік түс көру инкубациясы" немесе "түс көруді көздеу инкубациясы" (TDI) деген атау берген.

Технологияның әсер ету жолы былай. Адам күндіз, ояу жүріп теледидар не интернет арқылы түрлі образ бен бейне көріп, түрлі әуен мен музыка еститіні белгілі. Енді маркетологтар осы образ бен әуенді пайдаланып, адамды соның әсерінен түс көретіндей етіп адам миын бағдарламалайды. Яғни, түстің ішінде сол әуен мен образ жүреді. Дәл осы образдың ішінде арнайы бейсаналы енгізілген жарнама да болады.

Хатты жазған ғалымдардың айтуынша, қазір бұл технология одан әрі дамып барады. Оны пайдаланушылар да көбейген көрінеді. Мұны ғылыми фантастика деп ойлап қалмаңыз. Бұл – кәдімгі наномаркетинг технологиясы. Қазірдің өзінде бар әрі жарнамалық сипаты басым.

Түс жору мен тарих

Бұл технологияны жаңа деуге келмейді. Өйткені көне грек пен рим заманында да әуен мен образды, басқа да сенсорлы сигналдарды пайдаланып, түс көруді өзгертудің түрлі амалын қолданған екен. Мәселен көне жазбаларда адамзат қауымының медитация, жалбарыну, сурет салу мен дұға жасау, тіпті, есірткі арқылы түсін өзгертіп, түсінде не көргісі келетінін алдын ала "бағдарламалап" алатын амалдары болғаны айтылған.

Мысалы грек жазбаларының бірінде б.з.д. IV ғасырда өмір сүрген гректер ауруға шалдыққанда Асклепий құдайының ғибадатханасына барып ұйықтап, емделіп қайтатыны жазылған. Сырқаттанған адам ұйықтардың алдында жазылып шығуға ниет қылатын көрінеді.

Түс көруге не әсер етеді?

Заманауи ғылым адам түсін жан-жақты зерттеп жатыр. Оны зерттеуге заманауи технология мен ғылымның қауқары жетерлік. Мәселен осы жылы жүргізілген зерттеулердің бірінде ғалымдардың ұйықтап жатқан адаммен сөйлескені айтылған. Зерттеушілер ұйықтап жатқан адамға сұрақ қойып, жауап алып, тіпті, математикалық есеп пен тапсырмалар да берген екен.

"Адам ұйықтаған, түс көрген кезінде өте әлсіз, бейсаналы болады", - дейді Массачусетс технология университетінің когнитивист ғалымы, хатқа қол қойған зерттеушілердің бірі Адам Хаар.

Жақында тағы бір зерттеу жүргізілген екен. Онда оқушылар мен студенттердің емтиханға дайындалар алдында оқыған, қайталаған материалдарын түс көру арқылы жаттауға тырысқаны, содан шыққан қорытынды жайлы айтылған. Нәтижесінде оқушы мен студенттің кейбірі осы тәсілдің арқасында емтиханнан жоғары ұпай жинаған екен.

Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, адамның түсіне сырттағы дауыс пен дыбыс, иіс пен жарық, жанында отырған не жүрген, сөйлескен адамдардың сөзі тікелей әсер етеді екен. Мұны ХХ ғасырда психолог Зигмунд Фрейд те айтып кеткен. Ол "түс адамның оянып кетпеуіне көмектеседі" деп тұжырым жасаған. Яғни, оның ойы түс болмаса, ұйықтап жатқан адам маңайда естілген дыбыс пен қыбырдың өзінен оянып кететін еді дегенге саяды. Мұны өзіміз де байқаған болармыз. Ұйықтап жатқанда сыртта естілген дыбыс пен сөзді өзгеше интерпретацияға салып, түске айналдырып жіберетін сәттеріміз болатыны өтірік емес.

Қызық зерттеу

Енді транскомпанияларды қызықтырған зерттеулерге көз жүгіртейік.

Гарвард университетінің зерттеушісі Дейрдре Барретт колледж студенттеріне мынадай зерттеу жасаған. Ол 66 студентке оқуға не жеке өміріне байланысты қандай да бір қиындық бар болса, соны параққа жазып, ұйықтар алдында соны ойлап жатуға тапсырма береді. Зерттеуші студенттерге бір апта уақыт берген. Кейін мерзім аяқталғаннан кейін студенттердің жартысы параққа жазған дүниесінің түсіне енгенін айтқан. Осы зерттеу нәтижесі Science журналында жарияланған.

Гарвард университетінің нейробиологтары мынадай шағын әрі қызық бақылау жасап көрген. Зерттеуге қатысушыларға үш күн бойы ұйықтар алдында "Тетрис" ойнауға тапсырма береді. Қатысушылардың 60 пайызы түсінде тетрис көргенін айтқан. Осындайда қазақ халқының "күндіз не ойласаң, түсіңе сол кіреді" деген мәтелі еріксіз еске түседі. Бұл зерттеу де Science журналында жарияланады.

Жақында ғана жасалған тағы бір зерттеу тіпті қызық. Оны зерттеуші Дейрдре Барретт айтады.

"Суперкубок ойындары басталмас бұрын Molson Coors Beverage компаниясымен ақылдасқан жайым бар. Олар маған ғаламторда жарнама компаниясын жүргізгісі келетінін айтып, кеңес сұрады. Біз мынадай зерттеу жасап көрдік. Coors компаниясының логотипінде тау мен сарқырама бейнеленгені белгілі. Соны пайдаланып, тау мен сарқырама және Coors сырасы бейнеленген 90 секундтық видео жасап, ұйықталғалы жатқан 18 адамға көрсеттік. Ертеңінде бесеуі түсінде сарқырама мен сыра көргенін айтып бізді таңдандырды", - дейді Барретт.

Түсқор  компаниялар

Енді транскомпаниялар түс көру мен психология саласында жасалған, қол жеткен жаңалықтарды реал өмірде қолданып көруге тырысып бағады. Адамның түсін манипуляциялау арқылы жарнама жасағысы келеді.

Алайда ашық хатты жазған ғалымдар мұндай технологияның өте қауіпті екенін айтып, бұған қарсы шығып жатыр.

Мәселен Адам Хаар адамның қай уақытта түс көріп жатқанын анықтайтын әрі әуен сигналы арқылы түсті өзгертуге көмектесетін биялай ойлап тапқан екен.

"2 жылдың ішінде үш компания менің қызметіме жүгінді. Оның бірі – Microsoft. Қалған екеуі – әуе компаниялар. Олар түс инкубациясын жобалауға көмектесуімді өтінді. Бірақ мен келіспедім. Өйткені олар сол арқылы жарнама жасағысы келетінін ұқтым", - дейді Адам Хаар.

Ал ғалым Дейрдре Барретт сәл басқаша пікір айтады. Оның айтуынша, жарнама жасаудың мұндай технологиясы күндізгі жарнамаға бәрібір жетпейді.

"Ұйықтап жатқан адамға жарнама ролигін көрсетуге болады, әрине. Бірақ ауқымды деңгейде пайдасы бар деп айта алмаймын. Бұған жеткілікті зерттеу жасалған жоқ", - дейді ол.

Дегенмен ғалымдардың көпшілігі мұндай технологияның әлі дамып, ауқымды жарнамалық экспансияға айналуы мүмкін дегенді айтады.

"Болашақта бұдан да зоры пайда болуы мүмкін. Адамдар түс көріп жүріп-ақ, жарнаманың қалай құрбаны боп кеткенін сезбей қалуы ғажап емес", - дейді Монреал университетінің зерттеушісі Антонио Задра.

Ал Массачусетс университетінің зерттеушісі Элизабет Уорреннің айтуынша, кей компаниялар тіпті қазірдің өзінде осы технологияға арнап құрылғылар жасай бастаған. Мәселен Alexa компаниясы шығаратын ақылды колонка адам ұйықтап кеткенде қосылып, түсіне ықпал етуі мүмкін.

"Қазір АҚШ-тың 40 млн азаматының үйінде дәл осы колонка тұр. Оның түнгі жарнаманың құралы болмасына кім кепіл", - дейді Уоррен.

Ал Огайо университетінің құқық жөніндегі профессоры Деннис Хирш бұл технологияның болашақ екенін әрі бұған дайындалғаннан басқа амал жоғын айтады.

"Бұл технологияны шектеу үшін заңнаманы реттеу керек. АҚШ қана емес, басқа елдер де заңнаманы жетілдіру қажет. Жасырын жарнамаға жол жоқ", - дейді Хирш.

Қ. Слямбек