Сіз интровертсіз бе әлде экстравертсіз бе?

Сіз интровертсіз бе әлде экстравертсіз бе?
Фото: leader.education

1921 жылы Карл Густав Юнг психологиялық типтер ұғымын енгізді. Содан бері адамдар өздерінің интроверт немесе экстраверт екенін ойлана бастаған.  Ал ғалымдар адамдардың қай түрі ақылды екені туралы түрлі зерттеулер жүргізді. Ендеше интроверт пен экстраверттің қандай қасиеттері бар?

Интроверт дегеніміз кім?

Интроверт дегеніміз – энергиясы ішкі әлемге бағытталған адам. Ол өзінен жалықпайды. Ол сабырлы және қияли, жан-жақты болуға тырысады және шешім қабылдауда өте мұқият.

Интроверттерді кейде депрессияда жүретін, алысты болжаушы және мүлдем қоғамға қарсы деп есептейді. Бірақ іс жүзінде олар өте жақсы адамдар. Тек әлеуметтік байланыстар олардың энергиясын құртады.

Интроверттің айналасында өзіне жайлы екі-үш қана адамы болады.  Бейтаныс адамдармен көп сөйлеспейтін олар жақын адамдарымен бірнеше сағат бойы қызық тақырыптарды талқылауға дайын.

Интроверт үшін жалғыздық – біреудің өміріне араласпау. Ол өзін көпшілік алдында ыңғайсыз сезінеді. Олар сүйікті кітабын оқудан, саяхаттаудан лаззат алады. Сондай-ақ, шығармашылықпен айналысатын адамдардың көбі интроверт болып келеді.

Экстраверт дегеніміз кім?

Экстраверт – бұл энергиясы сыртқы әлемге бағытталған адам. Олар сыпайы, ашық және белсенді. Олар бәріне оптимистік көзқараспен қарайды. Олар бастама көтеруден және көшбасшы болудан қорықпайды.

Экстраверттер кейде үшқалақ, жылтырға тез қызығатындай болып көрінеді. Бірақ эмоцияға берілуді үшқалақтықпен шатастырмау керек.

Экстраверттер энергияны басқалармен қарым-қатынастан алады. Экстраверт үшін жалғыздық дегеніміз – айналасында ешкімнің болмауы, әңгімелесушіні таба алмау. Әдетте, олардың жақын араласатын достары мен туыстары көп болады.

Экстраверттерден қоғам жалықпайды. Бірсарындылықтан жалықпау және ішкі отты жағу үшін олар ойын-сауық орталығына көп барады немесе үйіне жиі қонақ шақырады.

Карл Густав Юнг

Бұларға Карл Густав Юнгтің не қатысы бар?

1921 жылы Карл Густав Юнгтің "Психологиялық типтер" атты кітабы жарық көрді. Ол интроверсия және экстраверсия ұғымдарын енгізді. Юнг экстраверттер мен интроверттерде басым болған психологиялық функция – ойлау, сезу, түйсік немесе интуиция деген қорытындыға келді.

Карл Юнгтің іргелі еңбегі ғалымдар тарапынан бірнеше рет талқыланды, үлкен даудың тууына себепші болды. Экстраверт-интроверт түрлері Майерс-Бриггс теориясы "Үлкен бестік" деп аталатын тұлға моделінің жазылуына және Раймонд Кеттеллдің 16 факторлы зерттеуінің жарыққа шығуына негіз болды.

1960 жылдары Юнг идеялары британдық психолог Ганс Юрген Айзенктің назарына ілікті. Ол экстраверсия мен интроверсияны қозу мен тоқтату процестері арқылы түсіндірді. Интроверттер шулы және адамдар көп болатын жерлерде өзін жайсыз сезінеді, өйткені олардың миы уақыт бірлігінде көбірек ақпарат өңдейді. Ал Экстраверттер керісінше.

Интроверттер расында да ақылды ма?

Мұны әлемдегі көптеген психолог, социолог, нейробиолог анықтауға тырысып жатыр. Бірақ оның нақты жауабы табылған жоқ. Неғұрлым көп зерттеулер жүргізілген сайын экстраверттер мен интроверттердің миы басқаша жұмыс істейтіні соншалықты айқын болып келе жатыр.

Дофамин – бұл мидағы нейротрансмиттер мен рахат сезіміне жауап беретін ерекше гормон. Зерттеу нәтижесінде экстраверттерде бадам бездері мен іргелес ядрода қатты қозу жағдайында белсенділіктің жоғарылағаны байқалған. Біріншісі эмоционалды ынталандыру процесіне жауап береді, ал ядро ​​дофамин жүйесінің бөлігі (рахат орталығы) болып саналады.

Экстраверттер мен интроверттерде дофамин бірдей өндіріледі, бірақ сыйақы жүйесі оған әртүрлі жауап береді. Экстраверттерде ынталандыруды өңдеу процесі аз уақытты алады. Дофамин оларға аз әсер етеді. Оларға "бақыт дозасын" алу үшін допаминмен бірге адреналин қажет.

Интроверттер, керісінше, допаминге өте сезімтал. Ынталандыру олардың ми аймағында ұзақ және күрделі жолдан өтеді. Олардың сыйақы жүйесінде басты рөл басқа нейротрансмиттерге – ацетилхолин тиесілі. Бұл берілген тапсырмаға назар аударуға, ұзақ уақыт тиімді жұмыс істеуге және ішкі қарым-қатынас кезінде өзін жақсы сезінуге көмектеседі.

Мен кіммін? Интроверт әлде экстраверт?

Юнгтің психологиялық түрін анықтауда Грей-Вилайт тесті және "Юнгтің типтер индексі" сауалнамасы қолданылады. Бұған қоса психологтар Айзенктің жеке анкетасын да пайдаланады. Үйде қарапайым тест тапсыруға немесе мінез-құлықты талдауға болады. Ол үшін төмендегі әдеттердің қайсы өзіңізде басым екеніне көз жеткізу жеткілікті.

Интроверттер:

– Алдымен ойланады, сосын істейді;

– Достар шеңберін кеңейтуге тырыспайды;

– Өмірдегі "дүниелік" әңгімелерді ұнатпайды;

– Сұрақтарға көбінесе бір жақты жауап береді;

– Адамдар көп болатын іс-шаралар мен көпшілік баратын ойын-сауықтан аулақ болады;

– Қоңырау шалудың орнына жазбаша хабарлама жібереді;

Экстраверттер:

– Алдымен жұмыс істеп, артынан ойланады;

– Жаңа таныстықтан қашпайды;

– Әрқашан біреумен кездесіп әңгімелесуге асығып тұрады;

– Сөйлескенді ұнатады, бейтаныс адаммен көшеде еш қиындықсыз сөйлесе алады;

– Ойын-сауық орталығына, концерттерге және көрмелерге аптасына бір рет немесе одан да көп барады;

– SMS хабарламаның орнына қоңырау шалады.

Сонымен, сіз интровертсіз бе, әлде экстравертсіз бе?

Т. Раушанұлы