Нанкинде жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада басталды

Нанкинде жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада басталды

Кеше түнде Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды. «Аспан асты елі» бұрын-соңды ірі додаларда болмаған бағдарламалар мен көріністер қойып, әлем назарын аударды.

Нанкиндегі Олимпиада ойындарын Қытай елінің президенті Джи Синьпин ашты. Сонымен қатар, ашылу салтанатында бұрынғы және қазіргі Халықаралық Олимпиада Комитетінің басшылары Хак Рогге мен Томас Бах құрметті қонақтар болды. Ал мәртебелі іс-шарада Олимпиаданың алауын Қытайдың танымал спортшысы Чэнь Руолинь (суға секіру спорты) жақты.

Қытайдың күншығысында орналасқан Нанкин қаласындағы дода 28 тамызда мәресіне жетеді. 14 пен 18 жас арасындағы жасөспірімдер бағын сынайды. Ал Олимпиадаға 3800 спортшы қатысқалы отыр. ХОК шешімі бойынша Нигерия, Сьерра-Леоне мен Либерия спортшылары Олимпиадаға санаулы күн қалғанда қатыспайтын болды. Оған бұл елдердегі эбола дертінің ушығып тұруы себеп болып отыр. Десе де ашылу салтанатында жарыстан шеттетілген елдердің де Туы таныстырылып өтті.

«Аспан асты елінде» өтетін додада еліміздің намысын 21 спорт түрінен 51 спортшы қорғайды. Ал 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы І жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің атынан 47 спортшы барып, 20 спорт түрінен сынға түскен болатын. Қазақстан құрамасы алты медаль (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалап, жалпы командалық ресми емес есепте 24-орынға тұрақтаған еді.

Естеріңізге сала кетсек, Нанкиндегі ІІ жазғы Олимпиада ойындарында жас спортшылар 26 спорт түрінен 184 медальдар жиынтығын сарапқа салатын болады.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: nanjing2014.org

Ө. Сансызбай