Нанкинде Абылайхан Жүсіпов Ту ұстап шығады

Нанкинде Абылайхан Жүсіпов Ту ұстап шығады

16 тамыз күні Қытайдың Нанкин қаласында салтанатты түрде ашылатын жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің көк Туын боксшы Абылайхан Жүсіпов көтеріп шығатын болды.

- Еліміздің Туы сеніп тапсырылуы - мен үшін үлкен қуаныш. Бұндай сенім артқаны үшін алғыс айтамын, әрі ақтауға тырысамын. Қазақ елінің спортшылары жоғары дайындықпен және мықты құраммен бара жатыр. Жанкүйерлерді жарқын жеңістермен қуантамыз деп ойлаймын,- деді Абылайхан.

Шаршы алаңда 60 келіде өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов Болгария астанасы Софияда сәуір айында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, Нанкин жолдамасын иеленген болатын. «Аспан асты елінен» бір жүлдені де қоржынға осы боксшы салады деп үміт артылуда. Жыл басында өткен Азия чемпионатында да қарағандылық боксшы топ жарып, үздік былғары қолғап шебері де атанған болатын.

Тағы бір айта кететіні, Болгария жерінде өткен әлем чемпионатында Нанкинге берілер жолдамалар шектеулі болды. Соған қарамай, отандастарымыз 4 жолдаманы да қанжығаларына байлап қайтты. Тіпті, артығымен алуға болар еді. Бірақ, жасөспірімдер арасында әр мемлекет үш боксшыдан артық қоса алмайды. Ал қыздар арасында бір елден екі боксшыдан артық қатыса алмайтын еді. Соның салдарынан күміс жүлде еншілеген Сұлтан Зауырбектің Олимпиадаға жолы түспеді. 

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: prosportkz.kz

Ө. Сансызбай