Олимпиаданың ең сымбатты былғары қолғап шебері

Олимпиаданың ең сымбатты былғары қолғап шебері

Кеше ғана алауы сөнген Лондонда өткен байрақты бәсекенің ең сымбатты бекзадасы анықталды. Әлем мойындаған сегіз қырлы, бір сырлы  жігіт сіз бен біздің жерлесіміз – Данияр Елеусінов.

Олимпиадашылармен болған кездесу барысында Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев спортшымыздың жетістіктері жайында біраз сөз қозғады. Ақылбек Күрішбаев: «Біздің Даниярымыз еуропалық БАҚ-тың тұжырымы бойынша, Лондон Олимпиадасының ең сымбатты былғары қолғап шебері атағын иемденді» -деді. Оған қоса Даниярдың жүрегін жаулап алған арудың жоқ екендігін айтып, студент қыздардың құлағына алтыннан сырға тақты.

Естеріңізге сала кетейік, дүбірлі додада 64 келі салмақта өнер көрсеткен отандық былғары қолғап шеберіміз Данияр Елеусінов жартылай финалға шыға алмаған еді. 21 жастағы астаналық жігіт ширек финалда 23 жастағы Винченцо Маньякапредан ұтылып қалған болатын.

Олимпиада ойындарында бағын сынаған батыр ұлдарымыздың бірі – Ілияс Сүлейменовтың да аталған жоғарғы оқу орнының түлегі екендігін айтып өткеніміз жөн болар.

Суреттер:sport.today.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева