Чемпион қыздарға Toyota Land Cruiser көлігі сыйға тартылды

Чемпион қыздарға Toyota Land Cruiser көлігі сыйға тартылды

Лондонда чемпион атанған ауыр атлеттер Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедоваға Toyota Land Cruiser-200 көлігі мен 10 миллион теңге (67 мың доллар) тарту етілді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

"Бүгін Талдықорғандағы орталық стадионда ХХХ Лондон Олимпиадасының чемпиондары Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедоваға құрмет көрсету салтанаты өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Аңсар Мұсаханов қатысып, спортшыларға Toyota Land Cruiser-200 көлігі мен 10 миллион теңгелік (67 мың доллар) сертификат берілді", - делінген сәрсенбі күні тараған ақпаратта.

ва

Облыс әкімшілігі, сонымен қатар, жаттықтырушылар штабының еңбегінің де еленгендігін айтты. Ауыр атлетикадан Қазақстанның бас жаттықтырушысы Алексей Ни мен Алматы облысының аға жаттықтырушысы Виктор Ниге 5 миллион теңгелік сертификат пен "Алматы облысының құрметті азаматы" атағы берілді.

ва

"Алматы облысының құрметті азаматы" атағына Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов та ие болды. Ауыр атлетикадан Қазақстан командасының жаттықтырушысы Иван Сивохинге де 5 миллион теңгелік сертификаттың берілгендігін айта кетелік.

Лондондағы Олимпиадаға қатысқан Алматы облысының жеті спортшысы палуан Нұрмахан Тінәлиев, Дәурен Жұмағазиев, Асхат Ділмұхамедов және жеңіл атлеттер Артем Косинов, Айман және Шолпан Қожахметовалар мен садақ атушы Денис Ганькинге LG теледидары тарту етілді.

Чемпиондарға құрмет көрсету салтанаты әрі қарай эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасып, мерекелік отшашумен аяқталды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: megatorrents.org, Алия Ахмедиева©