Алматыда 300 кг-дық Олимпиадалық медаль орнатылады

Алматыда 300 кг-дық Олимпиадалық медаль орнатылады

15 тамыз күні Алматыда Лондондағы XXX Олимпиадада жетістікке жеткен жерлестеріміздің құрметіне 300 кг-дық медаль орнатылады. Бұл шара "Олимпиадалық алтын" акциясы аясында өткізіліп жатқандығын айта кетелік.

"Интерфакс-Қазақстанның" хабарлауынша, екі метрлік медаль Алматыдағы жастар саясатын дамыту қорының мұрындық болуымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында орнатылатын болады.

"Біз бұл акцияны Алматының жастар саясаты басқармасымен бірігіп жасап жатырмыз", - деп сұхбат берді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, ескерткіштің ашылу салтанатына елімізді медальмен қуантқан бірнеше спортшы қатысатындығы да айтылды.

Ұйымдастырушылар аталған шара Олимпиадада жетістікке жеткен отандастарымыздың абыройын асқақтатып, олардың есімдерінің ел көкейінде сақталуын мақсат қылып отыр.

Алматы қаласы жастар саясатын дамыту басқармасының таратқан баспасөз релизінде: "Алматының жастары бұл идеяны қуанышпен қолдады. Енді бұл ескерткіш сан жылдар бойы Олимпиада чемпиондарын тұрғындардың есіне салып, ұмытпауға ықпал жасап отырады" делінген.

Айта кетелік, Қазақстан құрамасы Лондондағы XXX Олимпиадада 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальға ие болып, құрамалық рейтингте 12-орынға тұрақтады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: tengrinews.kz