Ирина Карпова 32-орынды иеленіп тұр

Ирина Карпова 32-орынды иеленіп тұр

Спортшы қызымыз Ирина Карпова жеті сайыстың қорытындысы бойынша 32-орында тұр деп, хабарлайды Массагет.кз.

Алматылық жеңіл атлетшіміз ұзындыққа секіруден 5,70 метр көрсеткішіне қол жеткізіп, еншісіне 759 ұпай жинаса, найза лақтырудан 35,75 метр көрсеткіші арқылы 14-орынға орналасып, 586 ұпайды қоржынына салды. 

Барлық жиынтық есеп бойынша 32 жастағы отандық спортшымыз 4613 ұпай жинап, 32-орында тұр. Артында неміс қызы Юлия Махтиг (4519) келе  жатыр. Айта кетсек, дода барысында алты бірдей спортшы жарыс жолын жалғастыра алмай, қатардан шығып қалған.

Жеті сайыстың қазіргі таңда көшбасшысы алтын медальді күні бұрын қанжығасына байлап қойған британдық Джессика Эннис ( 5971) иеленіп тұр. Өз кезегінде екінші орынға 5783 ұпаймен литвалық Аустра Скуйте жайғасса, үздік үштікті украиндық спортшы  Людмила Есипенко қорытындылайды (5701).

Ендігі жеті сайыстың қорытынды күнінде спортшылар 800 метрге жарысатын болады. Аталған дүбірлі доданы 5 тамыз күні Астана уақытымен 01:35-те тікелей эфирде көрсетеді.

Сурет:championat.com

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига