Әлем елдерінің ерекше әнұрандары

Әлем елдерінің ерекше әнұрандары
Фото: Игорь Семенихин картинасы

Әнұран, гимн (көне грекше: hymnos - мадақтау ән) – салтанатты ән, мемлекеттің негізгі рәміздерінің бірі. Әнұрандардың революциялық, әскери, діни тағы басқа түрлері болады. Оның сөзі де, музыкасы да рух көтеретін салтанатты, үлкен мұраттарға бастайтындай болуы керек.

Әр елдің мемлекеттік әнұраны бар. Ол елдің құндылықтарын көрсетеді. Дегенмен, бұл барлық елде бірдей бола бермейді. Мысалы, Польша мен Францияда бұрыннан мәлім оқиғаларға негізделген әндер әнұран ретінде қызмет етеді. Оған бәрі үйреніп қалған. Басқа елдердің әнұрандарының да өзіндік ерекшеліктері бар.

Мысалы, Испанияның әнұраныны әлемдегі ең көне әнұрандардың бірі. Сөзі ресми түрде бекітілмеген және бірнеше нұсқасы бар.  Сан-Марино  әнұраны да мәтінсіз. Негізі әнұранның сөзін ақын Джозуэ Кардуччи жазған, тек музыкалық ерекшелігі бойынша мәтіні ресми түрде расталмаған. Канада әнұранының екі мәтіні бар. Ағылшын тілі мен француз тіліндегі сөзі бір-бірімен сәйкес келмейді.

Жапон әнұраны – әлемдегі ең қысқа әнұран

Кими га йо (君が代, көбінесе "императордың билігі" деп аударылады) — Жапонияның мемлекеттік әнұраны. Әнұранның сөзі Хэйан дәуірінде дәстүрлі жапониялық вака стиліндегі өлеңге негізделген. Бұл мемлекеттік әнұранның әлемдегі ең көне мәтіні және ең қысқа ұлттық әнұрандардың бірі.

Бұл мәтін алғаш рет Х-ХІ ғасырларда жарық көрген "Кокин вакасю" жинағында пайда болды. Оның музыкасы 1880 жылы елге әнұран керек деген шешім қабылданған кезде жазылған. Ән содан бері орындалып келе жатқанымен, ол 1999 жылы ғана заңмен әнұран ретінде бекітілген.

Канада әнұранының үш нұсқасы бар

Бұл елдің әнұраны әлемдегі ең даулы әнұран болып табылады. Көптеген елдерде әнұранды жергілікті халық екі немесе одан да көп тілде орындайды. Мысалы, Финляндияда мәтіннің мағынасы бірдей болғанымен, фин және швед тілдерінде айтылады. Бірақ Канада әнұранының француз және ағылшын мәтіндері арасында ортақ ештеңе жоқ. Екеуі екі мағынаны білдіреді.

Ағылшын тілінде Канада мақтанышпен және еркін шынайы солтүстік мемлекет ретінде айтылады, ал француз тілінде оның жарқын жағы шырқалады. Ағылшын тілінде елдің дамып келе жатқанына қуанып, болашаққа үміт артады, ал француз тілінде өткенге қарап, Канаданың "эпостық тарихымен" мақтанады.

Нунавут аймағында жергілікті инуктитут тілінде әнұранның ресми нұсқасы бар, ол ағылшын және француз нұсқаларымен бірге айтылады.

Грек әнұраны – ең ұзақ әнұран

Грек әнұраны ХІХ ғасырдың басында жазылған алты жүз отыз екі жол өлеңнен тұрады. 1865 жылы алғашқы 24 тармақ грек әнұраны болып жарияланды. Ал, іс жүзінде оның алғашқы сегіз шумағын ғана айтады. Қысқартылған нұсқаның мазмұны біршама түсініксіз.

Сондай-ақ бұл туынды Кипрдің әнұраны ретінде қолданылады.

Египет әнұраны

Туристерді шатастыратын Мысырдың әнұраны "Biladi, Biladi, Biladi" деп басталады. Қазақша бұл сөз "біледі" дегенге ұқсайды.  Негізінде араб тілінде "Biladi" – "Туған жер" дегенді білдіреді.

Біріккен Араб Әмірліктерінің әнұранында да осы сөзді естуге болады. Мысыр әнұраны 1923 жылы жазылғанымен, Египеттің күрделі тарихына байланысты ол 1979 жылы ресми түрде елдің әнұраны болды. Іс жүзінде тек алғашқы екі шумағы ғана айтылады.

Мавритания әнұраны – қорқынышты фильмнің  саундтрегіне ұқсайды

Әнұран патриоттық көңіл-күйді көтеріп, өз еліне деген мақтаныш сезімін ояту үшін қажет. Матч алдында және марапаттау рәсімі кезінде әнұрандардың орындалуын елестетіп көріңіз. Спортшылар марш үніне бастарын көтеріп тұрып, өз мемлекетінің құдіретін білдіретін өлең жолдарын айтады.

Мұндай ән орта ғасырларда әскери жорықтар кезінде қарсыластарды қорқыту үшін айтылған. Мавритандық әнұранның авторлары басты ұлттық ән жауды қорқытуы керек деген ақпаратты тым тура қабылдаған сияқты. Олардың әнұранының әуені қорқынышты фильмінің саундтрегіне ұқсайды.

Шығарма 1960 жылы Мавритания тәуелсіздік алғаннан кейін жазылған. Әнұранның сөзін ХІХ ғасырда Баба Ульд Шейх жазған және бір-бірінен ерекшеленетін исламдық ақидалар мәселесін бейнелеген.

2017 жылы конституциялық референдум нәтижесінде халықтың 85 пайызы мемлекеттік әнұран мен туды өзгертуді қолдап дауыс берген.

Қазақстан мемлекеті тарихында 2 әнұран болған

Дербес мемлекет болғаннан кейін Қазақстан Республикасының шынайы рухы мен қуатын, мақсат-мүддесін танытатын әнұран қажет болды. Осы талаптарға сай ән музыкасын сақтап қалу туралы шешім қабылданды да, оның сөзіне арнайы бәйге жарияланып, ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева жазған сөз үздік деп табылып, қабылданды. Қазақстан Республикасы әнұраны музыкасының авторлары: М. Төлебаев, Л. Хамиди, Е. Брусиловский. Еліміздің әнұраны 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді.

1992 жылы қабылданған Әнұран 750 жоба ішінен таңдалып алынды.

Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. 1986 жылғы дүрбелеңде дәл осы ән қазақ жастарының бейресми әнұраны болған.

Т. Раушанұлы