"Сахарадағы Манхэттен": Ортағасырлық үйлерде адамдар әлі тұрады

"Сахарадағы Манхэттен": Ортағасырлық үйлерде адамдар әлі тұрады

Бір-біріне жабысқан зәулім, бірақ сымбатты үйлер, тар көшелер, шағын болса да жасыл желектер... Баяғы кездегідей базарда есек сатылады. Сатушы арбада кактус тәрізді тікенді сатып жатыр. Наубайшы топырақ пеште ыстық нан пісіріп жатыр. Қажыған түйе дөңгелене жүріп, диірмен тастарын қозғалтып, күнжіттің дәнін үгітіп жатыр. Бұл – ертегі сияқты Сана қаласындағы көрініс.

"Ұлы Баб әл-Яман қақпасының артында Йемен астанасы Сана қаласының ежелгі бөлігі орналасқан. Бұл қабырғалардың ар жағы басқа әлемге арналған портал сияқты", - деп жазады осы ғимараттарға саяхат жасаған BBC тілшісі Ульрике Леммин-Вулфри.

Шибам, XVI ғасырдағы Сахара Манхэттені 1982 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген

Фото: Getty Images

Бірақ мұнда ең таңғаларлық нәрсе – сәулет өнері

Ескі Санадағы мұндай үйлер әлемнің ешбір жерінде кездеспейді (Йеменнің өзінен басқа). Ғимараттардың бірінші қабатында терезе жоқ. Үлкен есіктер балшық кірпіштен жасалған сол қабырғаларға ерекшелік береді. Ғимараттың қасында тұрып жоғары қарасаңыз, көкпен таласқан балшық үйлерлді көресіз. Ғимараттар өте биік. Кейбір жағдайларда әр қабатта бір немесе екі бөлме болады.

Үйлер әдемі де, ыңғайлы. Бірінші қабаттар шеберханаларға арналған. Үстіңгі қабаттағы кейбір терезелер түрлі-түсті шынылармен немесе ағаш торлармен безендірілген. Терезе жақтаулары немесе едендерді бір-бірінен бөлетін көлденең фриздер әктен шебер жасалған. Тегіс шатырларда ашық алаң бар. Бұл жерде үй иелері ауа-райы ыстық болған кезде ұйықтайды. Көшеден үйлердің биіктігін анықтау қиын, бірақ олардан алыстаған кезде кейбір ғимараттардың жеті қабаттан тұратынын санауға болады.

Зәулім ғимараттарға V ғасыр болған

"Төбесінде кафесі бар үлкен ғимараттардың біріне шықтым. Осыған ұқсас биік үйлер жан-жағында болды. Нью-Йоркте немесе Дубайда жүргендей болдым. Бұл зәулім ғимараттардың жасы 300-ден 500-ге дейін және олар темірбетоннан емес, күнге кептірілген саздан ерекше технологиямен салынған. Ескі Санадағы кейбір үйлердің биіктігі 30 метрге дейін жетеді, яғни Чикагодағы алғашқы зәулім ғимараттармен бірдей", - дейді BBC тілшісі Ульрике Леммин-Вулфри.

Ежелгі Санадағы ғимараттардың бірінші қабаттарында әдетте терезелер жоқ

Мұндай құрылымдар Йеменде шашыраңқы. Мысалы, 1930 жылы ағылшын турисі Фрейя Старк ел билеушілері имамдар тұратын Шибам қаласын "Шөлдегі Манхэттен" немесе Дар әл-Хаджар ("Жартастағы сарай") деп атады.

Бұл архитектураның бірегейлігі соншалық, ЮНЕСКО Шибам, Забид және Ескі Сананы Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізді.

"Йеменде алып құрылыстардың құрылысы VIII-IX ғасырларда басталды", дейді Лондон шығыс және африкатану мектебінің профессоры, "Йеменнің сәулет мұрасы – тартымды үйлер" кітабының авторы Тревор Мерченд.

"Ортағасырлық деректерге сүйенсек, Сана қаласында б.з.б ІІІ ғасырда салынған және Саби патшалығының билеушілері қоныстанған Чумдам сарайы 20 қабаттан тұратын және сән-салтанатпен безендірілген", - деді ол.

Сарапшы бұл ойды растау және көміртек талдауы негізінде материалдардың жасын анықтау мүмкін емес екенін айтады. Өйткені, балшық қабырғалар күн мен желдің әсерінен жарылып, үнемі жөндеуден өткізіліп тұрады.

Ғимараттардың бір таңғаларлық тұсы – оларда әлі де адамдар тұрады. Ескі Санада олардың кейбіреулері қонақүйлер мен кафелерге айналдырылған.

"Бала кезімізде көшеде доп ойнайтынбыз, ал жасөспірім кезімізде түрлі түсті витраждардың артында кофе ішетінбіз", - дейді Йеменнің ескі ғимараттарды қорғау және қалпына келтіру қорының өкілі Арва Мокдад.

"Йемен сәулеті және оның қалпына келтірілуі" кітабының авторы Салма Самар Дамлуджи бұл жерде ежелден құрылыс салуға жеткілікті орын жоқ екенін, өйткені шөлде тұру мүмкін емес, ауыл шаруашылығына жарамды бір уыс жер алтынмен тең деп түсіндіреді.

Қалалар ықшам болу керек болғандықтан жоғарыға қарай өскен. Қауіпсіздік мәселесі де назарға алынған. Жаудан қорғану үшін әрқайсысының айналасына «сур» деп аталатын биік дуал қаланған. Түнде қала қақпалары жабылған.

Ерекше Дар әл-Хаджар сарайы жартастың үстіне салынған Фото: Getty Images / Крейг Персхаус

Табиғи материалдардан салынған йемендік үйлер араб шөлінің климатына қолайлы. Кесек ғимаратты күн сәулесінен қорғап, ең әлсіз желдің өтуіне және жеткілікті жарық түсуіне мүмкіндік береді. Кірпіш отқа піспеген, күнге кепкен.

"Пісірілмеген кірпіш жылуды баяу сіңіріп, шығарады. Бұл үйлер күндіз салқынырақ, ал түнде сырттан жылырақ болады", - деді Берклидегі Калифорния университетінің сәулет профессоры Рональд Рид.

Салма Дамлужидің айтуынша, ежелгі құрылыс салу техникасы дерлік жойылған.

"Біз үш ғасыр немесе одан да көп жыл тұрған балшықтан жасалған алты қабатты үйлерді көреміз. Заманауи сәулетші мұндай ғимарат сала алмайды", - дейі ол.

Әрине, мұндай сарайда өзіңізді қауіпсіз сезінесіз Фото: Getty Images

Тарихи ғимараттарға жел эрозиясының қаупі төніп тұр. Йемен үкіметі мен Иранды қолдайтын көтерілісші хуситтер арасындағы жылдарға созылған соғыстан кейін жаппай кедейліктен көптеген үй иелері үйлерін жөндеуге шамасы келмей қалды.

2020 жылы ЮНЕСКО Йемендегі 8 мың үйді зерттеп, өз қаражатына құлау алдында тұрған 87 үйді жөндеп берді. БҰҰ мен жергілікті жанкүйерлер қолдан келгеннің бәрін жасауда, бірақ ресурс жеткіліксіз.

"Тарихтың жойылып бара жатқанын көру қынжылтады. Бұл бүкіл адамзат үшін үлкен шығын", - деді Арва Мокдад.

Т. Раушанұлы