Гренландия маңында жаңа арал табылды

Гренландия маңында жаңа арал табылды

Гренландия маңында жаңа арал ашылды. Оны Копенгаген университетінің бір топ ғалымдары Гренландияға экспедиция кезінде тапты. Бұл туралы theguardian хабарлады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл арал планетаның ең солтүстік аралы.

"Біз жаңа арал табамыз деп ойламадық. Ол жерге тек үлгілерді жинау үшін бардық", - дейді Гренландиядағы Арктикалық станцияны зерттеу орталығының директоры Мортен Раш.

Ғалымдардың айтуынша, олар бастапқыда "Оодаак" аралына келдік деп ойлаған. Алайда аралдың нақты орналасқан жерін тексергеннен кейін оның басқа арал екені белгілі болды. Ғалымдар аралды "Кекертак Аваннарлег" деп атауды ұсынды. Гренланд тілінен аударғанда бұл сөз "солтүстік арал" дегенді білдіреді. Экспедиция барысында аралдың мұз қозғалысы нәтижесінде пайда болғаны анықталды.

Арал Гренландия жағалауынан солтүстік-батысқа қарай 780 метр қашықтықта орналасқан. Оның көлемі шағын және диаметрі небары – 30 метр.

Мамандар аралдың пайда болуы жаһандық жылынудың салдары емес дейді.

"Бұл арал деп санауға болатын барлық критерийлер бар. Қазіргі уақытта бұл планетаның ең солтүстік аралы", - дейді зерттеушілер.

Олардың айтуынша, мұндай аралдар жиі пайда болып, кейіннен қайтадан жоғалып кетеді.