Жанартаулар несімен өлтіреді?

Жанартаулар несімен өлтіреді?
Фото: ferra.ru

Әлемдегі ең қауіпті әрі апатты жағдайдың бірі — жанартаудың атқылауы. Бірақ жанартау атқылаған кезде адамдар неден қайтыс болады? Көз алдымызға таудан аққан лавалар не магмалар елестейді. Ал шынына келсек, жанартау атқылау кезіндегі басты қару — пирокластиқалық тасқын. Оның қалай жұмыс істейтінін бүгін түсіндіретін боламыз.

Кейбір жанартаулардың (мысалы, Везувий) атқылауы кезінде газ, түтін, тау қойнауындағы қалдықтардың қосындысы түзіліп, олар өз жолындағының бәрін жойып жібереді. Тасқын жылдамдығы 700 км/сағатқа, ал температура — 800 °C дейін жетеді. Пирокластикалық тасқындар сулы бөгеттерді басып өтеді, қатты заттар суға кеткенімен, газды бөлігі жылжи береді.  

Мон-Пеле жанартауының атқылау сәті, 1902жыл, 8 мамыр.
Фото: JC Wilson / National Museum of World Cultures, Netherlands

Археологтар Помпеи және Геркуланум қалалары біздің заманымызға дейінгі   79 жылы Везувийдің жарылуы себебінен туындаған пирокластиқалық тасқын әсерінен жойылып кеткенін айтады. Antiquity басылымында жарияланған мақалада Геркуланумда адамдар суға түсіп, жан сақтауға тырысқан. Пирокластикалық тасқын жылдамдығымен адамдарға қашуға мүмкіндік бермеген. Суға түскендердің өзі газдан тұншығып өлген. 

Дәл сондай оқиға 1902 жылы Мартиник атты француз аралында орналасқан Мон-Пеле жанартауы жарылғанда қайталанған. Сен-Пьер қаласы жер бетінен сол күйі жоғалып кеткен. 30 000 тұрғыннан тек екі адам ғана аман қалған, оның бірі абақтыда отырған қылмыскер болған.  Француз Ғылым Академиясының есебінде оқиғаның қалай болғаны жазылған. Оны геолог Владимир Обручев өзінің "Плутония" романы үшін пайдаланған.

Т. Есқали