Каирде 22 мумия салтанатты түрде жаңа мұражайға көшірілді

Каирде 22 мумия салтанатты түрде жаңа мұражайға көшірілді

Египетте Каирдегі Египет мұражайынан 5 шақырым қашықта орналасқан жаңа Египет өркениеті ұлттық музейіне (NMEC) салтанатты түрде 22 мумия (18 патша мен 4 патшайым) көшірілді.

Көшірілген мумиялардың арасында біздің дәуірімізге дейінгі XV-XII ғасырларда билік еткен Секененра Таа II-ден Рамзес IX-ға дейінгі перғауындардың денелері бар. Салтанатты рәсімді әлемнің 400-ге жуық телеарналары көрсетті. Мысыр президенті Абдулфаттах ас-Сиси де қатысты.

Ашық аспан астындағы салтанатқа арналған пандемияға байланысты қойылған шектеулер де алынып тасталды. Ұйымдастырушылар "Перғауындардың алтын парады" деп атаған көш Каир уақытымен кешкі сегізде басталды. Әр мумия ежелгі күймелерге салынып, арнайы көлікте тасымалданды. Автошеруге 60 мотоцикл, 150 ат және музыкалық ансамбль еріп жүрді.

Мумияларды сыртқы әсерлерден қорғау үшін оларды азот толтырылған арнайы қорапқа салды. Мумия шеруі Египеттің басты су жолы – Ніл бойында өтті.

Келесі 2 аптада мумиялар NMEC зертханасында сақталады және 18 сәуірден бастап "Мумия" залына қойылады.

Алайда кейбір мысырлықтар елдегі бірнеше апатты жағдайларды мумиялардың қоныс аударуына байланысты деді. Олардың айтуынша, 32 адамның өмірін қиған теміржол апаты, Каирдегі 23 адамның өмірін қиған үйдің құлауы және Суэц каналындағы алып кеменің жолды жауып тастауы "ғалымдар мазалаған перғауындар  қарғысынан" болған дейді.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар