2020 жылғы басты оқиғалар тізбегі

2020 жыл тарихтағы ең ерекше жыл болып қалатыны анық. Осы жылды кейінірек пандемиямен еске алсақ та, коронавирустан бөлек адам өміріне қатты әсер етіп, дүниені дүр сілкіндірген басқа да көптеген оқиға болды. Назарыңызға 2020 жылдың басты оқиғалар тізбегін суреттер арқылы ұсынамыз.

Аустралияда 2019 жылғы қарашада басталған орман өрті 2020 жылғы қаңтарда күшейе түсті. Өрт жалпы 100 мың шаршы шақырымнан астам орманды жалмап, миллиардтан астам жануар қырылды. Алапат өрт коалалардың үштен бірін жойды. Аустралия табиғатының бұрынғы күйіне оралуы үшін кем дегенде бір ғасыр қажет.

3 қаңтарда Бағдадта Ислам революциясы Сақшылар корпусының жетекші бөлімі – Құдс күштерінің командирі генерал Қасым Сүлейменге қастандық ұйымдастырылды. Оған Доналд Трамптың тікелей қатысы бар деп, Иран үкіметі АҚШ-ты айыптады. Иран Сүлейменді өлтіру жауапсыз қалмайды деп уәде берді. Ел бойынша он мыңдаған ирандық көшеге шығып, антиамерикалық ұрандар айтып, АҚШ туларын өртеді. Әлеуметтік желілерде үшінші дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін деген қауесет тарады.

13 қаңтарда Филиппин астанасы Маниладан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Таал жанартауы атқылады. Жанартаудың айналасында қою түтін тарала бастағанда жақын аудандардан 8000 адам эвакуацияланды.

26 қаңтарда америкалық баскетболшы Коби Брайант Калифорния маңында жеке тікұшақпен апатқа ұшырады. Тікұшақ бортында барлығы тоғыз адам болған, оның ішінде спортшының 13 жастағы қызы Джианна да бар еді. Әлемнің көше суретшілері аты аңызға айналған баскетболшы мен оның қызына арналған көптеген картиналар салды.

Қаңтар айының соңында Шығыс Африка елдері шегірткенің салдарынан соңғы 25 жылдағы ең ауыр зардаптарға тап болды. Нөсер жауындардан кейін шегіртке популяциясы одан әрі күшейе түсті. Миллиондаған шегіртке ондаған мың гектар ауылшаруашылық дақылдарын жойды. Шегірткелердің шабуылы аймақ елдерінде аштық қаупін туғызды.

2019 жылдың желтоқсанында Уханьда пневмония індеті тіркелді. Кейінірек аурудың себебі осы уақытқа дейін белгісіз коронавирус болғаны анықталды. ДДСҰ денсаулық сақтау бойынша халықаралық төтенше жағдай жариялады. 2020 жылы 3 ақпанда Ухандағы алғашқы аурухана коронавирус науқастарын емдеу үшін пайдалануға берілді, оны қытайлықтар 10 күнде салып бітірді.

92-ші Оскар сыйлығы 9 ақпанда Лос-Анджелесте өтті. Брэд Питт өзінің алғашқы "Оскарын" актер ретінде жеңіп алды. Квентин Тарантиноның "Бір күні Голливудта" фильміндегі рөлі үшін "Екінші пландағы үздік актер" номинациясына ие болды.

2020 жылғы ақпанда Антарктиданың Пайн-Айленд мұздығынан көлемі Мальта аралына тең (350 шаршы км) айсберг бөлініп шықты.

Наурыздың аяғында планета тұрғындарының жартысына жуығы коронавирустың таралуын болдырмау үшін түрлі елдердің үкіметтері енгізген карантин шаралары аясында өмір сүре бастады. 41 елде кем дегенде 3 миллиард адам оқшауланған, ал 1,5 миллиардтан астамы қатаң карантин астында қалды.

31 наурызда ханзада Гарри мен ханшайым Меган Маркл корольдік отбасы мүшелерінің міндеттерін орындауды ресми түрде тоқтатты.

Сәуір айында АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша тізімде бірінші орынға шықты. Нью-Йорк қаласы коронавирус эпидемиясының эпицентріне айналды. Алып мегаполистің көшелері қаңырап бос қалды.

Мамырдың ортасына қарай әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 4 миллионнан асты.

21 мамырда Карачидегі Джинна әуежайы маңында Pakistan International Airlines Airbus 320 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Лайнердің бортында 99 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі болған, олардың барлығы қаза тапты. Ұшақ жерге қонғалы тұрған кезде тұрғын ауданға құлаған. Апат салдарынан бірнеше үй қирады. Апатқа ұшқыштар мен диспетчерлердің кінәсі себеп болды.

Афроамерикандық Джордж Флойдтың 25 мамырда Миннеаполисте полицияның қолынан қаза табуы АҚШ-та наразылық толқынын туғызды. Елдің 40-тан астам қаласында коменданттық сағат енгізілді. Қоғам мен Флойдтың туыстары кісі өлтіргені үшін кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Наразылық толқыны Вашингтонға жетті, белсенділер бірнеше күн бойы Ақ үйді қоршап алды. Флойдтың өліміне жауапты офицер қамауға алынып, абайсызда кісі өлтірді деген айып тағылды.

30 мамырда SpaceX бортында екі астронавты бар Crew Dragon ғарыш кемесі сынақтық ұшу аясында Халықаралық ғарыш станциясымен сәтті қосылды. Кеме Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен Falcon 9 зымыран тасығышының көмегімен ұшырылды. Ұшу процесін компанияның негізін қалаушы Илон Маск тамашалады. SpaceX ғарыш туристерін Crew Dragon арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр.

Ресейде 2000 жылдың ортасында кісі өлтірді деген айыппен 9 шілдеде қамауға алынған Хабаровск облысының бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды қолдау митингілері жыл соңына дейін жалғасты. Ең үлкен митинг 11 шілдеде өтті, полицияның мәліметі бойынша оған 12 мың адам қатысты.

Шілде айында Жер тұрғындары кейінгі 7 жылдағы ең жарқын кометаны бақылады.

4 тамызда Бейруттың портында жүк кемесі жарылды. Апатқа 6 жыл бұрын тәркіленіп, қоймада сақталған 2750 тонна аммиак селитрасы себеп болды. Жарылыс салдарынан 170-тен астам адам қаза тауып, 6000-ға жуық адам жарақат алды.

9 тамызда Индонезияда Суматра аралының солтүстік бөлігіндегі Синабунг жанартауы атылды. Айналасындағы үйлер мен жолдарды күл басып қалды. Бұл жанартау 400 жыл бойы ұйықтап жатқан болатын.

Беларуссияда президент сайлауының нәтижелеріне наразылықтар 9 тамыздан басталды. Сайлауда елді 1991 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко жеңіске жетті. Оппозиция нәтижелер бұрмаланған деп санады. Наразылық білдірушілер Лукашенконың отставкасын, саяси тұтқындарды босатуды және сайлауды қайта өткізуді талап еттті. Қарсылық күштері наразылықты зорлықпен басып тастады.

Тамыздың ортасына қарай бүкіл әлемде Covid-19 жұқтырған адамдардың саны 20 миллионға жетті, коронавирус құрбандарының саны 730 000-нан асты.

Тамыз айының соңында АҚШ президенттігіне үміткерлер анықталды. Джо Байден Демократиялық партияның президент сайлауына үміткер болу туралы ұсынысын қабылдады. Ол съезд делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде Трамптың саясаты халықтың бытыраңқылығына, қорқыныштың пайда болуына, агрессияның күшеюіне әкеліп соқтырды, нәтижесінде Америка "қараңғылыққа батты" деп қазіргі АҚШ президентін айыптады.

10 қыркүйекте Сан-Франциско орманы өртенді. Бұл жағдай АҚШ-тың бүкіл батыс жағалауын қамтыды. Калифорния табиғи өрттің масштабы бойынша 2018 жылғы рекордын жаңартты, ал өрттің жалпы ауданы 900 мың акрды құрады.

Күзде Еуропа елдеріндегі коронавирусқа қатысты жағдай нашарлай бастады. Екінші толқын кезінде ең жоғары тәуліктік өлім көрсеткіші Испанияда болды.

16 қазанда Таиланд премьер-министрі генерал Прают Чан-Оча Бангкокта наразылық күшейгеннен кейін 30 күндік төтенше жағдай енгізді. Наразылық білдірушілер оның отставкасын, жаңа Конституцияны қабылдауды және монархиялық реформаларды талап етті. Бангкоктағы жағдай шілде айында шиеленісіп, он мыңдаған адамдар, көбіне жастар мен студенттер көшеге шықты.

27 қыркүйектен 9 қарашаға дейін Таулы Қарабахта Армения мен Әзербайжан арасындағы әскери операциялар өтті. Екі жақта да әскери адамдар мен бейбіт тұрғындар қаза тапты. Таулы Қарабахтағы соғыс Ресей мен Түркияның делдалдығымен тоқтатылған кезде 7 аудан Әзербайжан иелігіне өтті. Осы аймақтардың тұрғыны болған армяндар үйін, мүлігін тастап кетуге мәжбүр болды.

АҚШ президенті Дональд Трамп сайлауда Джо Байденге есе жіберді. Дауыс беру 3 қарашада өтті. Трамп әлі күнге дейін жеңілгенін мойындаған жоқ және сайлау нәтижелерін сот арқылы жоюға тырысты.

Желтоқсан айының басында Калифорния орман өртіне байланысты жаппай эвакуация жариялады. 2020 жылдың басынан бері штаттағы орман өрті 1,62 миллион гектардан астам аумақты қамтыды.