Ғазиза Құдайберген: "Кітап оқу қайтадан сәнге айналып келе жатыр"

Ғазиза Құдайберген: "Кітап оқу қайтадан сәнге айналып келе жатыр"

Массагет порталының тілшілері Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына барып, оның тұрмыс-тіршілігімен танысты. Кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайбергенмен бүгінгі оқырман жайында, кітапсүйер қауым туралы сұхбаттасты.

Жамбыл атындағы Алматы қалалық жасөспірімдер кітапханасы 1976 жылы негізі қаланған. 1996 жылы оған Жамбыл Жабаевтың аты берілген. 2016 жылы болса Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрамына енген

Кітапханаға барған кезімізде кітапханашылар бізді жылы шыраймен күтіп алды. Бұл жерде бәрі еркін, әркім өз қалаған ісімен айналысады екен. Өзге кітапханалардан ерекшелігі де сол.

Әр бұрышта кітап оқып отырған оқырмандарды, өз жобаларын талқылап отырған жастарды кездестірдік

Кітапхана іші екі залдан тұрады, оның бірі "тыныш аймақ" деп аталады. Бұл жерде оқырмандар өзгелерге кедергі келтірмей кітабын оқиды

Ал екінші зал "Топтық аймақта", керісінше, емін-еркін жүруге болады. Бұл орында жастар тобының бірі өз жобаларына дайындалып жатса, екінші топ сабаққа, емтиханға дайындалып жатқанын көрдік. Кітапхана іші көз тартарлық әдемі, кез келген кітабыңызды қызметкерлер тез тауып береді

Шағын буфет келушілерге қызмет көрсетеді. Кофенің жан сергітер иісі кітапханаға ерекше атмосфера сыйлап, сіздің кітап оқуға деген ынтаңызды одан сайын арттырады 

Кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандар саны 37 мыңнан асады. Апта сайын тіркелушілер саны 800-ге жуық. Бір аптада келетін оқырмандар саны – 7-10 мың аралығында

Біз кітапхананы аралап жүріп, кітап оқушылардың өте көп екенін байқадық. Тіпті кітап оқитын бос орын жоқ. Сыртта кезекте тұрғандар саны да өте көп

Ғазиза Құдайберген кейінгі уақытта білімге ұмтылған жастар көбейгенін айтады. Кітапханашылық тәжірибесінде бұрын-соңды мұндай болмаған дейді.

Кітапханаға келушілердің 90 пайызы 14 пен 25 жас аралығындағы жастар. Қалалық тіркеуі болған жағдайда олар кітапты үйлеріне алып кетіп оқиды.

"Кітапханамыз тек оқырмандарға қызмет етіп қоймай, түрлі жобаларды, іс-шараларды жүзеге асырады. Сондай жобалардың бірі – "Номофобия" деп аталады. Бұл телефонсыз қалу ауруы. Телефонымыз жоқ болса не қалып қойса бүртүрлі күй кешеміз ғой. Сол күйді қазір бүкіл әлем кешіп жатыр. Ғалымдар мұның бірден бір емі кітап оқу деген. Бұл жоба былтыр басталды. Данияр Жігітбек деген спикеріміз келушілерге лекция оқиды. Жақында кезекті лекция өтті. Оған 30 адам қатысты. Негізі бұл лекцияға келушілер саны көп болатын. Былтыр 100 адамға дейін жиналатын. Қазір пандемияға байланысты 30 адамнан артық адам жинамаймыз", – дейді кітапхана меңгерушісі.

Бұдан бөлек кітапханаға келушілер "Логотерапия" жобасына қатты қызығады екен. Бұл жоба суицидке қарсы өткізіледі.

"Юлианна деген психотерапевіміз бар. Сол арнайы маманмен оқырмандарымыз айына бір рет кездесіп тұрады. Ол кісімен бірге суицидтің шығу тегін, оған не себеп болатынын, суцидті болдырмау жолдарын қарастырады. Бұдан бөлек, "Шабыт", "Атырау-Алтай арасы", "Media сауаттылық" т.б. көптеген жобаларымыз бар, - дейді Ғазиза Құдайберген.

Кітапханаға келушілердің арасында жас журналистер, болашақ журналистер өте көп екен. Осы ескеріп кітапхана қызметкерлері тағы бір жоба бастапты. Ол "Storytelling" деп аталады.

Ғазиза Құдайберген жақын күндері бұл жоба жүзеге асатынын айтады.

"Бұл жобада түрлі тақырып қозғалады. Бірақ бәрі айналып келгенде кітапқа тоқтайды. Бұл жобаның мақсаты келушілердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оларды кітап оқуға шақыру", - дейді Ғазиза Құдайберген.

"Қазіргі күнде жастарға: "Кітап оқыңдар! Кітап оқысаңдар адам боласыңдар!" деп кітапқа деген қызғушылығын арттыра алмайсыз. Ол әдіс ескірді. Жастарға әдемілік керек. Мен мысалы, әлеуметтік желідегі жазбаларымның 90 пайызын кітапхана жұмысына арнаймын. "Пәленше Түгеншенің осындай кітабы шығыпты, біздің кітапханаға келді" деп оны әдемілеп әлеуметтік желіге салсам, жастар оған бірден қызығады. Себебі, қазіргі жастар эстет, оған бірінші кезекте автордың не жазғаны маңызды емес, оларға бірінші кітаптың сыртының әдемілігі керек. Біздің кітапханамыздың қайта жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай болуының бір ұшы осында жатыр. Бұл да жастарға "визуал тұрғысынан" әсер ету. Өйткені бұларға осындай жерде жүру тренд. Алдымен, олар осындай жерге қызығып келеді. Кейін, ол әдетке айналады", - дейді Ғазиза Құдайберген.

Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, кейінгі кезде кітапханаға ұлдар көп келетін болыпты. Олардың сұрамайтын кітабы жоқ. Шынында да, айналамыздан түрлі жастағы ұл балаларды көп көрдік. Оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында кітапхана қызметкерлері баспалардың арнайы базасын құрыпты. Қазіргі күнде осы бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр екен.

"Қазіргі жастардың талғамы әртүрлі, бірақ классика әлі сұраныстан қалған жоқ. Сонымен бірге жастар ғылыми фантастикаға, комикске, "женский романдарға" қатты қызығады. Сондықтан, арнайы комикс бұрышын аштық. Қазақтың классикалық авторлары да сұраныста. Қазір мысалы, Мағауин, Мұртаза, Майлин, Әуезовтердің кітаптары кітапханада жоқ. Бәрі қолда. Бірі әкеліп өткізсе, екіншісі алуға кезекте тұрады. Бұдан бөлек, шетелдің классикалық шығармаларының аудармаларына деген сұраныс та жоғары", - дейді кітапхана меңгерушісі.

Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, қазір кітапқа деген қызығушылық, кітап оқитын оқырмандар саны артып келеді. Бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратындай баспалар кітап шығарып жатқан жоқ.

"Оқырмандарға кітап жетпейді. Бізде экономика, заң, медицина саласындағы кітаптар шықпайды. Мысалы, "Меломен" кітапханамызға демеуші болып жылына 4-5 рет кітап беріп жатады. Солардың ішінде экономикаға, медицинаға қатысты қаншама орыс тіліндегі кітаптар бар. Ал, олар бізде жоқ. Қазір оқырмандар ауылшаруашылығы, ветеринар, маркетинг саласына қатысты қазақ тіліндегі кітап сұрап келсе, не ұсына алам, олар жоқ. Бірақ дәл сол кітаптарды оқырман сұрайды. Қазір шығып жатқаны көркем әдебиет, психология, мотивациялық кітаптар ғана. Біз сондықтан әртүрлі салаларға қатысты кітаптарды ескірсе де сақтап келеміз. Баспалармен кездескенде де айтамын: "Сіздер біз оқырмандардан сұраңыз. Агротехника, медицина, ауылшаруашығына қатысты кітаптар неге шықпайды?!" деймін. Қараңыз, мына жерде жаңағы салаларға қатысты орысша кітаптар толып тұр. Біздің қазақ тілді баспалар орыс баспаларының алдында жіп есе алмайды. Себебі, оларда маркетинг, бірізділік жоқ. Мұның бәрін не үшін тізіп қойдық? Себебі, олар сұранысқа ие", - дейді Ғазиза Құдайберген.

Қазіргі күнде кітапхананың қорында 300 мың кітап бар. Келушілер мұның бәрін емін-еркін пайдалана алады

"Кітапхананы үшінші орынға айналдыру керек деп жиі айтатынбыз. Қазір кітапхана үшінші орынға айналды. Қазір адамдар, кітап оқудан бөлек, қашықтан жұмыс істеу керек болса да осында келеді. Бұл жер тек кітапқана емес, мемлекеттің халық игілігі үшін жасап қойған үлкен қызметтік мекемесі. Керек мәліметі осында бар. Сондықтан келушілер саны артқаннан кейін сервис жақсаруы керек. Кітапханада жұмыс істеу оңай емес. Біз кітапханашы ғана емес психологқа айналдық. Қазіргі жастар еркіндікті сүйеді, бізге тіркелу оңай. Келгесін кітап оқи ма, сабағына дайындала ма, кино көре ма немесе досымен кездесе ме онда біздің жұмысымыз жоқ. Кітапханананың ішкі ережесі бар, соны сақтаса болды. Қанша уақыт отырады, өзі біледі. Міне, олар осындай еркіндікті сүйгеннен кейін де осында келуге құмар. Сосын, жастарға жастар қызмет еткен жақсы. Үлкен апай отырса бәрібір оқырман мен қызметкер арасында шекара тұрады екен. Сондықтан біздің қызметкерліеріміздің дені жастар", - дейді Ғазиза Құдайберген.

Бір айта кетерлігі, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы толық  модернизациядан өткен еліміздегі алғашқы кітпхана. Қазір мұндай кітапханалардың саны артып келеді.

Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, былтыр 5, биыл 10 жаңарған кітапхана халық игілігіне тапсырылған. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кітапхананы арнайы келіп көрген. Осыдан кейін облыстарға, қалаларға үкімет арнайы заманға сай кітапхана ашыңдар деген тапсырма берген.

"2 жыл ішінде бізге президенттен бөлек қаншама делегация келді. Көрді, көздері жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы кітапхананы көріп кеткеннен кейін көп өтпей жолдау болды. Сол жолдауда алғаш рет кітапхана, кітапханашы деген сөз айтылды. Бірінші рет айлығымыз 35 пайызға өсті. Президент өткенде бір сөзінде кітапхана, дәстүрлі кітапхана деген қалу керек деп тағы айтты. Сондықтан қала, өкімет тарапынан кітапханаға қатты көңіл бөлініп жатыр", - дейді Ғазиза Құдайберген.

Кітап оқитындардың саны қашан да аз болған. Бірақ Ғазиза Құдайберген жастар кітап оқитынын, қазір олардың сұранысын қанағаттандыру оңай емес екенін айтады.

"Кітап оқитын жастар қашан да аз болған. Ол идеологияның мықты кезі, біздің жастық шағымызда да кітапқұмарлар аз еді. Мысалы біз бір сыныпта 22 оқушы болсақ, соның үшеуі ғана кітап оқитын. Кітапхана, кітапханашы кітап оқу үшін осылай жағдай жасай алады. Біреудің үйіне барып: "Балаңыз кітап оқысын" деп ешкімді мәжбүрлей алмаймыз ғой. Сондықтан кітап оқу отбасынан басталады. Қазақта "балаға сана бер" деген жақсы сөз бар. Санасы бар адам кітапты ешкім мәжбүрлемей-ақ өзі оқиды. Менің алдымдағы әпкем мен ағам кітап оқитын. Соларға қарап мен де кітапты көп оқыдым. Қызымды кітаппен "ауыздандырдым". Қазір қызым өз еркімен кітап оқиды. Әр отбасында осындай дағды болу керек. Қазір кітап оқу үрдісі қайтадан сәнге айналып келе жатыр. Қоғам жылтырақ дүниенің бәрін көріп, кітапқа қайта айналып келді. Қоғам руханияттан артық дүние жоқ екенін түсінді", - дейді Ғазиза Құдайберген. 

 P.S "Кітапты өртегеннен де өтіп кеткен ауыр қылмыс бар. Ол – кітапты оқымау" дейді Иосиф Бродский. Жас буынның кітап оқуы, кітапханаға баруды әдетке айналдырғаны көңіл қуантады. "Мен 19 жасымда жоғары оқу орнына түсе алмадым. Себебі отбасым өте кедей тұратын. Сондықтан, кітапханаға бардым. Аптасына үш күнімді кітап оқуға арнадым. 27 жасымда университеттің орнына кітапхананы тауыстым", - дейді американың атақты жазушысы Рэй Брэдбери. Айналамыздағы талай талантты, кітапсүйер жастарды көріп, осылардан бір-бір Брэдбери шығар деген үмітпен кітапханамен біз де қош айтыстық. 

Т. Раушанұлы