"Құнды Тарту" деректі фильмі түсірілді

"Құнды Тарту" деректі фильмі түсірілді
Фото: adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың оқу залдарын кеңінен танымал ету мақсатында ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның (Арыстанбек Мұхамедиұлы, Шакир Ибраев, Үмітхан Мұңалбаева, Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов) сұхбаттарын қамтитын "Құнды Тарту" деректі фильмі түсірілді.

Фильмде залдың жалпы қорындағы материалдар, қолжазбалар, сирек кездесетін және эксклюзивті және қолтаңбасы бар кітаптар, сондай-ақ заманауи басылымдар көрсетілген.

Жоба авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева.

Ал жобаның көркемдік жетекшісі, ҚР Журналистика академиясының академигі, медиаменеджер Бибігүл Жексенбай.

"Кітап әрқашан алғыс пен құрметтің ерекше құралы болып саналады. Біздің Академиялық кітапхана қорында 7 мыңнан астам ерекше кітап және сирек қолжазбалар жиналалған құнды тарту залы бар. Бұл зал елге танымал қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Кәрім Қажымханұлы Мәсімовтың құнды кітаптарды тарту еткен зал боп саналады", - дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева.

"Ол кісі бұл кітаптарды беріп жатқан кезде бір қимастық сезім болды. Себебі, өзі оқып шыққан, дүниеқарасының қалыптасуына септігін тигізген кітаптарды беру әр адамға оңай емес. Бірақ содан аттап өтіп, халыққа, әсіресе, жастарға пайдасы тисе деп беру ерекше сезім", - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ал, белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ибраев осы кітапханада да өте сирек кездесетін құнды кітаптардың бар екенін айтады.

"Осындай кітаптардың бірі Парижде 1735 жылы шыққан шығыс халқының түпнұсқадан алынған фотолары жарияланған кітап. Бұл кітаптің бар-жоғы 3 данасы бар. Оның бірі Луврда тұр, екіншісі жекеменшік қорда, үшыншысы осы кітапханада", - дейді түркітанушы.

Белгілі ғалым, абайтанушы, жазушы Тұрсын Жұртбай сирек кітаптар өз өзімен емес, соның ашылуымен, халыққа қызмет етуімен құнды болатынына айтады.

"Ұлттық кітапханада сақталған Ресейдің Азиялық картасы, Кауфманның ұзақ жылдар бойы жиған альбомы өте бағалы. Осы кітаптар арқылы біз қазір аттары өзгеріп кеткен жер атауларының нақты атын қоя аламыз. Бұл кітаптарды зерттеп, ондағы жер аттары, жер бедері аттарын және тау бедерлерін зерттеп қағазға түсіру бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі", - дейді Тұрсын Жұртбай.

"Құнды тарту" залында тарихта өз орны бар танымал адамдардың өз қолтаңбаларымен қалдырған кітаптары бар. Мысалы, француз жазушысы Ги де Моппассанның, Нобель сыйлығының иегері Уинстон Черчилльдің, АҚШ-тың 26-президенті Теодор Рузвельттің, Барак Обаманың кітаптарын айтуға болады.

Филология ғылым докторы, профессор Серік Негимов Кәрім Мәсімов тарту еткен құнды кітаптардың ішінде Теодор Рузвелттің, Рональд Рейганның кітаптары ерекше екенін айтады.

"Кәрім Қажымханұлы Мәсімов саясат, мәдениет, ғылым бойынша таңдаулы кітаптарды жинақтаған. Оның ішінде әлемге әйгілі қайраткерлердің қолы қойылған 75 кітап бар. Соның ішінде АҚШ-тың 26-президенті Теодор Рузвелттің "Дөрекі шабандоздар" деген кітабы құнды", - дейді Серік Негимов.

Адамға ерекше азық сыйлап, ғылым мен білімнің терең қойнауынан сусындату жолында Кәрім Мәсімовтың "Құнды тарту" залының орны ерекше. 2015 жылдан бері құрметті қонақ-оқырмандардың қатарында әлемге танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар және Қазақстан зиялы қауым өкілдерінің есімін кездестіруге болады.

"Құнды тарту" залындағы баға жетпес сирек кітаптар бүгінгі буынға қала берді келер ұрпаққа құнды қазына болары анық. Осы жолда Кәрім Қажымханұлы Мәсімовтың сіңірген еңбегі зор.

Т. Раушанұлы