Ит жылынан не күтесіз?

Ит жылынан не күтесіз?
Фото: twitter.com

2 күннен соң табалдырықтан ит жылы аттағалы тұр. Тауық жылы толағай табысқа толы жыл болды. Ал, келер ит жылы игілік жылы болады деген сенімдеміз. Ит жылынан не күтесіз? Жалпы, осы ит туралы не білесіз? Оқи отырыңыз!

Халқымыздың таным-түсінігінде ит киелі жануар. Ит адамның досы, сенімді серігі. Алғаш қолға үйретілген жануарлардың бірі. "Ит жеті қазынаның бірі" деп оған құрметпен қарайды. Иттердің ерекшелігі сол, олар біздің эмоциямызды түсінетін бірден-бір жануар. Оған көз жүгірте бір қарағанның өзінде қуанып тұрғаныңызды, мұңайғаныңызды, ашуланғаныңызды, ұялғаныңызды бірден сезе қояды.

Ит жылы ауыртпалықты артқа тастайтын болған. Өте жеңіл және сәтті жылдардың қатарына кіреді. Стихиясы – металл. Жұлдыз жорамалға сенсек ит жылы әділдікті сүйетін, турашыл, қарапайым, адал, сезімтал да салмақты адамдар өмірге келеді екен. Кемшілігі: еріншек, суық, дөрекі болып келеді. Жорамалшылардың айтуынша, келер жыл көптеген өзгерістер әкеледі. Ит жалқауларды жақсы көрмейді. Сондықтан жалқаулыққа салынбауды ескертеді. 

Ит жылы небір мықты тұлғалар туған. Олардың қатарында Майкл ДжексонУинстон Черчилль, Стивен Кинг, Сильвестр Сталон, Ги де Мопассан, Виктор Гюго, Эрнест Хемингуэй, Юрий Гагарин сынды әлемге әйгілі тұлғалар бар. Сонымен бірге қазақтан ұлт мақтанышы, батыр Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие боксшы Геннадий Головкин және әлем таныған сирек кездесетін дауыс иесі Димаш Құдайберген сынды ел мақтаныштары да ит жылы туған. 

Халқымыздың есебі бойынша 12 жыл бар. Әр жылдың атауынан, неге олай аталғанынан бастауыш сыныптан хабарымыз бар. Келер жылдан әр адам өзінше бір жақсылық күтері сөзсіз. Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын! Әр шаңыраққа береке-бірлік, табыс тілейміз!

Ж. Жұмағұлов