Аяз атаның хаты

Аяз атаның хаты
Фото: novostipmr.com

Біз жыл сайын Аяз атаға хат жазамыз. Бірақ, Аяз ата сіздерге жауап жазса не дер еді?

«Құрметті, маған сенім артатын жас дос!
Жыл сайын сенің хатыңды аламын, бірақ, саған жауап жазуға оңтайлы уақытты күтіп жүріп қалдым. Өйткені, сені бала кезінде тек тәттілер қызықтырды. Кейін ес білген сәтінде менен ойыншықтар мен ұялы телефон сұрадың. Оны өзім жеке табыстамасам да, ата-анаңның құлағына сыбырлап, сенің қалауыңды жеткіздім. Өйткені, сен оған лайық едің. Бірақ, осы жолы сен тәтті кәмпиттерді де,  ойыншықтарды   да сұрамадың. Досыңа «Аяз атаның барына сенбеймін» дедің. Жүрегім шым ете қалды. Жылда осылайша мыңдаған жасөспірім маған сенуді тоқтатады. Бірақ, бүгін сол өшкен сенімдер мен үміттерді қайта жағу үшін осынау хатты жазып отырмын.

Сенің жасың қателеспесем, 12-18 аралығында. Бұл уақытта өмірдің бұралаң жолында адаспас үшін таңдау жасауыңа тура келеді. Әрине, таңдауын ұнамаса өзгертуге болады, бірақ, оған да біршама күш пен шыдамның керегін жақсы білесің. Бұл уақытта есейдімге салынып, мені естерінен шығарып алатындар көп. Кейбіреуі менің барыма сенсе де, оны мойындауға  қымсынады. Өйткені, оны мазақ қылып, келеке ете ме деген қорқыныш бар.

Менің жасым біразға келді. Бірнеше ұрпақтың көзін көрдім. Бірақ, жыл сайын жастардың өздеріне деген сенімсіздігі артып келе жатқанын көріп, оларға күш бермесем болмайтынына көзім жетті. Енді мені мұқият тыңда!

Сен өз күшіңе сен!
Өмірден нені қалайсың? Қолыңнан келеді деген барлық іспен айналысып көр. Ойлап қарашы: сен көпір тұрғыза аласың, қарақшылар тығып тастаған ескі қазынаны іздей аласың, әлемдік мұхиттағы су деңгейін өлшей аласың. Сен ылғи кітаптардан оқитын ақпараттардың барлығы сен секілді адамдардың жинақтағанын есіңнен шығармасаң екен. Олар тек өз күшіне сенген. Өзінің қолынан келетінін сенген. Сен де сенуді тоқтатпа!

Сен нені қаласаң, соған қол жеткізесің!
Сен  бәріне қол жеткізесің! Қиындық туып жатса демейтін мен боламын. Әрине, мен сенің көзіңе көріне бермеймін. Бірақ, саған қолдау көрсететіндерге бағыт беріп отырамын. Сенің өзіңе деген сенімін мен қалауың бәрін де жеңе алады.

Сен сұлусың!
Жыл сайын менен сұлулық сұрайтын жеткіншіктер бар. Бірақ, олар адамдағы басты сұлулық көздегі нұр, ақыл-ойдың ерекшелігі  екенін естен шығарып алады. Мұның барлығын мен саған сыйға тарта алмаймын. Оны сатып алу да мүмкін емес. Барлығы өзіңе тікелей байланысты. Соны ұмытпасаң екен.

Денсауылғыңды күт! Мен саған материалдық тұрғыдан сыйлықтар бергеніммен, денсаулықты сыйға беруге қауқарсызбын.

Ата-анаңды құрметте!
Ата-анаң болмаса, менімен қауышу мүмкіндігін де болмас еді. Сондықтан, олардың айтқан сөзін жерде қалдырма.

Осы жылы маған тілектер аз түсті. Соған қарағанда, кішкентайларда маған сенбейтіндей. Олардың сенімінен айырылсам, менің жоғалып, мәңгі келмеске кететінім анық. Мені әзірге  ұстап тұрған күш – кейбір ересектердің ғажайыпқа сенетіні. Олар менің барыма, менің барлық тілекті шындыққа айналдыратыныма кіршіксіз сенеді. Есеюге асықпа, өйткені, ол кезде мен саған көмектесе алмаймын!

Игі тілекпен: Аяз ата
Солтүстік полюс,  90°00′00″ солтүстік ендікте орналасқан ғажайыптар қамалынан»

Т. Есқали